ТАЛАЙ ЖАСҚА ҚАНАТ БІТІРГЕН ӘЛЕУМЕТТІК ЖОБА
Елбасының қолдауымен іске асып жатқан мемлекеттік бағдарламалар жастар идеясының жүзеге асуына септігін тигізіп жатыр. Жастарға арналған сондай бірегей бағдарламаның бірі – «Zhas Projeсt» әлеуметтік жобасы.
Қазіргі таңда Қызылорда облысында аталған жоба аясында жұмыс қарқынды жүргізілуде. Биыл жоба шеңберінде шамамен 3 500 адам қамтылған. Облыс бойынша 269 грантты жас кәсіпкерлер ұтып алды.
Оның ішінде Қармақшы ауданы жастарының үлесіне келсек, оларға 14 грант тиесілі болды.
Тың идеясы бар жастардың жобасы сақадай-сай болға¬нымен, қаржы қолбайлау болса, бизнеске ену мүмкін емес. Ал біз әңгімеге арқау етіп отырған «Zhas Project» әлеуметтік жобасы мұндай жастарға қаржылай демеушілік көрсетіп, жеңімпазға 1 млн теңге грант (қай¬тарымсыз қаржы) береді.
Халықаралық қайта құру және даму банкі, ҚР Білім және ғылым министрлігінің бірлесуімен жүзеге асқан жоба 2017 жылы басталып, еліміздің төрт облысынан 2000-ға жуық жасты қамтыған.
Ал «Zhas Project» жобасы Қызылорда облысында биыл алғаш рет іске асырылуда. Нақыт кезеңде барлық жеңімпаздар анықталды.
Айта кетейік, облыс бойынша жобаға 670-тен астам жас қатысты. Жуырда іріктеу сынынан өтіп, миллион ұтып алған жастардың саны белгілі болды. Бүгінде жобаны үйлестіру тобы ерекше идея иелерін сараптап, жеңімпаздарды қаржыландыру жұмыстарын жүргізуде.
Қармақшы ауданы бойынша 14 жоба үздік деп танылғанын жоғарыда айтып өттік. Сондай озық ойлы жастың бірі Нұргүл Темірханова.
Кәсіп ашуды көздеген ол «Zhas Project» жобасын естіген бойда өз идеясын апарады. Марат Мәмілеұлы, Ақшолпан Нұржанқызымен бірігіп топтық жұмысқа білек сыбана кіріседі. Креативті идеяны іздеген жоба нәтижесінде грант ұтып, «Нұргүл» ойын-сауық орталығын ашуды қолға алады.
– Біздің жобамыз ауыл жастарына, әсіресе мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған. Мұны дайындамас бұрын біршама уақыт ойландым. «Бізде қандай кәсіп жоқ?» деген сауалға жауап іздедім. Ойлана келе ойын-сауық орталығын ашуға бел байладым. Қармақшы ауданының өзінен жастар түрлі-түрлі креативті идеялар ұсынды.
Оның ішінен топ жарып, грантқа ие болғанда бөркімізді аспанға аттық. Себебі, жобамыздың жағдайы төмен балаларға үлкен көмегін тигізеріне сенім мол. Оған жасөспірімдер, студенттер, жетімдер мен жағдайы аз қамтылған отбасынан шыққан балалар қатыса алады.
Жалпы, жоспарда 22 баланы қамтимыз. Оларды күнделікті орталыққа апарып, көңіл-күйін көтеріп, уақытын қызықты өткізуге тырысамыз. Жаман нәрсеге әуес болмау үшін салауатты өмір салтына баулимыз. Әр жексенбіде жарыстар ұйымдастырып, оларға үміт сыйлаймыз, – дейді Нұргүл Темірханова.
Тәуекелшіл Нұргүлдің мақсаты үлкен. Ол алдағы уақытта жастардың уақытын тиімді өткізуіне атсалыспақшы. Яғни, кенттегі орталық алаңға велосипед, гироскутер әкелуді жоспарлап отыр.