Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » ЕШБІР ТӘЖІРИБЕСІЗ ЖҰМЫСҚА ҚАЛАЙ ОРНАЛАСУҒА БОЛАДЫ?

ЕШБІР ТӘЖІРИБЕСІЗ ЖҰМЫСҚА ҚАЛАЙ ОРНАЛАСУҒА БОЛАДЫ?

«Заманың түлкі болса, тазы боп шал» деген қазақ нақылы бекер айтылмаса керек, сірә?! Бүгінгі дәуір – нарықтың аспандап, бәсекелестік дәрежесінің жоғарылап тұрған шағы. Егер кімде-кім өз дәуірінде жетістікке жеткісі келсе, сол ерінбей еңбек етіп, өз бағытындағы бәсекелестерін қалай да басып озбақ керек. Бұл – замана талабы.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының жүзеге асырылуы барысында азаматтардан еңбек өнімділігі, еңбекке жарамдылық, алабөтен ойлай білу, тәуекелшілік, прагматистік көзқарас сынды дүниелер талап етіледі.
Бәсекеге қабілетті болу арқылы, өз салаңда алабөтен ойлау арқылы, қарқынды еңбек арқылы ғана жетістік шыңын бағындыру мүмкіндігі жоғары болып қала бермек бүгінде. Егер кімде-кім осы талаптарға сәйкес келсе, соның өмір атты бәйгеде тұлпары топ жарық, бөркі аспанға атылмақ. Өмір сүру – сізге берілген жекеменшік сый. Оны қалай гүлдендіру немесе барлық арман мұратты, айқын мақсаттарды жоғалтып алу қаупі әп сәтте.
Бүгінде елімізде жұмыссыздық деңгейі біршама азайып келеді. Дегенмен, жұмыссыз сандалып жүрген жастар мен азаматтар саны біршама жоғары. Жұмыс не үшін қажет?
Адамзат баласын адам еткен – еңбек. Кез-келген адам еңбектену арқылы, өзі қойған мақсаттарына талпыну арқылы біршама жетістіктерді бағындырып жатады. Демек, еңбек – адамның руханиятын жаңғыртып, тұлға ретінде қалыптасуына әсер ететін бірден-бір фактор.
Бүгінде қаншама адам өзінің білім жиған, бірнеше жыл бойы оқып, тәмәмдаған мамандығынан тыс еңбек етуде. Бұл – ешқандай айып емес. Қазір кімнің қабілеті болса, кімнің еңбек етуге деген ынтасы болса, соның алдағы болашағы жарқын әрі келешегі кемел болып қала бермек.
Мысалы, сіз жұмыс жасағыңыз келеді, өз табысыңызбен күн көріп, өзіңіздің арманыңыздағы материалдық жағдайыңызды жақсартқыңыз келеді. Бірақ, ешбір жұмысқа орналасудың сәті түспей жүр. Не қарекет қылмақ керек?
Мемлекет басшысы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру атты бағдарламалық мақаласында азаматтарға өнімді еңбек етуді міндеттеп бергенін білеміз.
Ендеше, біз өзіміздің дәстүрлі дағдымыз бойынша ел азаматтарының бір пайдасына тиер деген оймен арнайы жоғары білімсіз және жұмыс өтілінсіз қызметке орналасу жолдары туралы мағлұмат бермекпіз.
Тәжірибе – қызмет ету арқылы ғана келетін қымбат құндылық. Ол кез-келген салада болсын, өмірдің әрбір күнінде болсын алдыңыздан шығып отырады. Жас уағыңыздан қарекет қылсаңыз, сіздің жетістікке қол жеткізуге мүмкіндігіңіз зор. Міне, қызметке орналасудың, тұлға ретінде, маман ретінде өсудің алғышарты осы. Әрбір қиындықтан, түсініксіз жайттардан, рухани һәм материалдық құлдыраулардан, сәтсіздіктерден арылудың ерекше жолдары бар.
Университет қабырғасында жүрген кезде барлығы дипломдары қолдарына тиген бойда өз мамандығы бойынша жоғары жалақысы бар жұмысқа орналасуды қалайды. Бірақ... бірақ барлығы стандартты жағдайда жүрмейтіні айдан анық. Сондықтан, жас кезіңізден бастап, жұмыстың қолайлылығына емес, тәжірибе жинау мақсатында еңбек еткен жөн. Өйткені, ешкім қызмет барысындағы тәжірибені ешқашан және ешқандай ақшаға сатып ала алмайды. Тәжірибе атты құбылыс тек еңбек еткен адамдардың ғана уысында болмақ. Өзіңізге осы уақытқа дейін жұмыс іздеп көрген болсаңыз, мына сөздер сіздің құлағыңызға өте жағымсыз естілуі мүмкін: «Біз сізге кейінірек хабарласамыз».
Кез-келген салада барлығы бірден адам уысына түсе бермейді. Егер, жоғары жалақысы бар немесе лауазымы жоғары қызмет еткіңіз келсе, дәл сол салада қарқынды еңбек етіп, сатылап көтерілуіңіз шарт. Бұл шарттан аттап өтетіндердің қарасы аз. Сондықтан, «Алма піс, ауызыма түс» деген жеңіл қиялдың жетегіне ермеген абзал. Мысалы, бір компанияның немесе бір ортаның басшысы атанғыңыз келсе, алдымен көмекші етінде немесе қатардағы қызметкер ретінде жұмысқа орналасып алуға тырысыңыз. Бұл – жетістікке алып барар тура жол және бірден-бір тура даңғыл.
Желілік маркетингпен айналысу, мейрамханаларда даяшы болу, қол күшін талап ететін қызметтермен айналысу – үлкен жетістіктердің алғашқы баспалдағы іспетті.
Желілік маркетингпен айналысатындар тарапына қазір қоғамда үлкен сындар айтылып жатады. Дегенмен, аталған сауда түрі өзінің қажеттілігі мен қолжетімділігін жоғалтқан емес. Сондықтан, да, қазіргі нарықтың жеңілдетілген әрі жылдамдатылған түрімен айналыса білу – үлкен табыс көзі әрі физикалық күш жұмсамай табыс табуға бірден-бір мүмкіндік.
Даяшы болу – ұят тірлік емес. Қазіргі мәдениет қалыптасқан заманда тұтынушының тамағын тасып, оның босаған орынын жинау сынды қызмет түрі өте көп.
Азамат болып, ат жалын тартып мінген соң барлығына бірдей қызметпен айналысу шартты. Демек, хакім Абай айтпақшы қалай да болса, табыс таба білу – барлығына, ұлт азаматтарына ортақ міндет. Қазіргі нарықты кім жеңеді? Әрине, санасы ашық, білімі озық, іскерлігі басым азаматтар жеңіп шығады. Оған ешкім күмән келтіре қоймас, сірә?! Өмір атты кемеде қатар жүзгендердің барлығында ортақ мақсат. Ол – ел қатарлы табыс тауып, көштің соңында қалмау.
Жас буынға тағы да айналысып, көлемді табыс көзін табуға болатын орталар – жаңадан ашылған немесе жас компаниялар. Бұл сөзімізде астар жоқ емес. Бұлай деуімізге не себеп? Жаңадан ашылған немесе жас компаниялар өз бәсекелестерін нарықта жеңіп, сауда өнімділігін арттыру үшін қызметкерлерге еңбек өнімділігі жоғары болуы үшін барлық жағдайды жасауға тырысады. Сондай-ақ, қызметкерлер олардың өнімін сапалы етіп жасауы үшін барлығын бірдей материалдық тұрғыдан қамтамасыз етуге ұмтылыс жасайды. Тағы да бір себебі – олар қызметкер таңдау барысында жаңа қабылданушының білімі мен тәжірибесінен гөрі іскерлігіне аса үлкен назар аударады.
Даяшы болудың тағы да бір оңтайлы тұсы – табыс табудың негізгі көздеріне айналған қызмет түріне жоғары білім мен диплом секілді қажеттіліктер шартты емес. Бірақ адамның сыртқы келбеті, тартымдылығы, қарсы алу үдерісі, ілтипаты маңызды рөл ойнайды. Қалталы азаматтар көп жиналатын ортада шәйлік немесе ризашылық білдірген азаматтардың көпшілігі өздеріне қызмет көрсеткен даяшыларға үлкен ризашылықтар білдіріп жатады. Ал бұл – даяшы қызметін атқаратын жастар үшін балама табыс көзі болып саналып келеді.
Қонақтарына зыр жүгіріп қызмет ете білген даяшының өзі мейрамхана кәсібі бойынша біршама жетістіктерге қол жеткізуі мүмкін. өйткені, ол даяшы болып жүріп, басшылардың тұтынушыларды қалай табатынын, қандай әрекет арқылы мол тұтынушы тартуға болатынын үйренеді. Сонымен қатар, ол қалай жаңа тұтынушыларды табу, аталған кәсіпті қалай алға жылжыту жобаларын санасына тоқиды. Одан кейін оны әкімші қызметіне орналастыруы мүмкін.
Кейін уағында даяшы болған жастардың жеке мейрамхана салып, бәсекелестерін басып озуы да ғажап емес. Себебі, ол дәл осы салада жүріп баға жетпес тәжірибе жинайды, мейрамхана ісінің аурасына кіреді.
Сондай-ақ, ірі қалаларда тұрғын үйлердің немесе жылжымайтын мүліктердің қожайындарын тұтынушымен таныстырып, солардың үстемақы пайыздарымен күн көретін қызметкерлерді қоғамда риелтор деп атайды. Жастардың бұл іспен айналысуы арқылы болашақта жылжымайтын мүлікті сатумен айналысатын агенттік құруына әбден болады. Өйткені, бірнеше жыл бойы аталмыш салада еңбек еткен азаматтар қалай да үлкен табыстар табуға құлшынысы артады. Сондықтан, олар қызмет жасай жүріп, өздерінің материалдық жағдайларының деңгейін арттыруды көздей бастайды.
Әрине, жылжымалы мүлік саудасымен айналысу оңай шаруа емес. Мұндай қызметті абыроймен атқару үшін адам психологиясын зерттей білу және сату мәнеріңіз болуы міндеттеледі. Бұлай дейтін себебіміз – аталған агенттіктерде риелтор қызметін атқаратын қызметкерлердің барлығы мұндай қауқарға ие бола бермейді. Есіңізде болсын, агенттікте қызмет жасайтын азаматтар бір ғана тамаша пәтерді сату арқылы ондаған мың доллар табыс табады.
Қазіргі заман – цифрландырылған заман. Соған орай, қашықтықтан атқару арқылы қызмет өнімділігіне әсер етпейтін әрі уақыт пен шығынды үнемдейтін жұмыстардың түрлері өте көп.
Қашықтықтан жұмыс істеудің тиімділігі мен кемшіліктері туралы өткен мақалаларымызда айтқан болатынбыз. Бүгінде ақпарат саласында, ІТ саласында қызмет ететіндер үшін қашықтықтан жұмыс жасау мен офисте отырып қызмет етудің айырмашылығы шамалы. Мысалы, бағдарламашылар, веб-дизайнерлер, копирайтерлер, аудармашылар, редакторлар, контент-менеджерлер, seo-мамандар, суретшілер сияқты қызметкерлерге қажетті құрал-жабдық, қолжетімді интернет пен сапалы компьютер болса, әбден жеткілікті.
Демек, жұмысқа орналасу аса бір қиындық тудыра қоймайтын дүние екенін байқадық. Қазіргі заманда біздің мемлекетімізде жастар мен тірлік қыламын деген азаматтарға мүмкіндік өте мол. Сол мол мүмкіндіктерді оңтайлы пайдалана білген кез-келген адам жетістікке жете алады.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы ел жастарын білім алуға, білімін кәсіп барысында оңтайлы пайдалана білуге, қандай да бір салада болсын қарекет қыла білуге шақырды. Соған орай Елбасы жастарға орасан зор мүмкіндіктер қарастырып, мемлекет тарапынан айтулы көмектер жасап отыр.
Жоғарыда айтылған жұмыс түрлерін, негізінен, маркетинг саласындағы, қазіргі нарықтың қысымынан шыға білетін жолдардың бір парасы ретінде көрсеттік.
Егер кімде-кім өзін қандай да бір салада сынаудан қорықпаса, еңбек етуді жан-тәнімен сүйе білсе, ол әйтеуір бір күні жетістік шыңын бағындырары анық.
Өмірде адамның тұлға ретінде қалыптасуы, болашағына кепілдік беретін армандарын, мақсаттарын жүзеге асыру мақсатында нық қадамдар жасауы тек еңбектің арқасында орындалмақ.
Абайдың «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарын тіленбей» деген қанатты сөздері де осындай жайттардан соң шықса керек, сірә! Бүгінгі нарық пен бүгінгі жағдайда кез-келген ел азаматына білім қуып, білімін өз саласында сынау мақсат болмақ керек.
Мақсаттар айқын болса, сол мақсаттарға орай нық қадамдар жасалса, жетістік шыңына жетер жол қашық емес. Егер өзіңізді болашақта лауазымды тұлға ретінде елестете білсеңіз, қазірден бастап іске кірісіңіз. Жарқын болашақ бүгіннен басталады және барлығы өзіңіздің еңбегіңізге байланысты.

05 қыркүйек 2018 ж. 733 0

Біздің басылымдар

Сыр бойы
Кызылординские вести
Kyzylorda-News
Ақмешіт апталығы
Ақмешіт жастары
Өскен өңір
Тіршілік тынысы
Қазалы
Толқын
Қармақшы таңы
Жаңақорған тынысы
Жалағаш жаршысы

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области