ЖОЛДАР МЕН КӨШЕЛЕР ЖӨНДЕЛУДЕ
Нақты кезеңде Жалағаш ауданындағы аудандық маңыздағы 112,7 шақырым автомобиль жолының 22,4 шақырымы қанағаттанарлықсыз жағдайда. Ал осы аудан көлеміндегі республикалық маңыздағы 91 шақырым, облыстық маңыздағы 32 шақырым автомобиль жолдары қанағаттанарлық жағдайда.
Осыған орай аудандық маңызы бар Еңбек ауылы бағытындағы автомобиль жолының 8 шақырымын орташа жөндеу жұмыстарына жоба-сметалық құжаттар әзірленіп, 2018 жылға республикалық бюджеттен 191,4 млн. теңге бөлу үшін сұраныс берілді. Қазіргі таңда бұл жұмыстарға республикалық бюджеттен 95 млн. теңге бөлінді.
Апаттық жағдайдағы аудандық маңызы бар «Самара-Шымкент-Аққыр» автомобиль жолының бойындағы «Оңтүстік коллектор» көпірін қайта жаңғырту жұмыстарына 281 млн теңгеге жобалау-сметалық құжаттама әзірленді.
2019 жылы республикалық және облыстық бюджет есебінен қаржыландырылу күтілуде.
Бұған қоса, аудан бойынша ұзындығы 206,5 шақырым болатын 202 көшенің 66,8 шақырымы қанағаттанарлықсыз жағдайда.
Аудандық бюджет есебінен «Самара-Шымкент-Мәдениет-Жүргенов-Жаңаталап-Аққыр» автомобиль жолының 0-9,4 шақырым және «Самара-Шымкент-Еңбек-Есет батыр-Жаңадария» автомобиль жолының 8,0-37,3 шақырым аралықтарын күрделі жөндеу жұмыстарына жоба-сметалық құжаттар әзірлеуге барлығы 7,9 млн. теңге бөлінді. Қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде.
Жалағаш кентіндегі 10 көшеге (Қабылов, Қалыбаев, Нысанбай жырау, Мырзалиев, Жүргенов, Әйтеке би, Бұқарбай батыр, Отарбаев, Алтынсарин, Алтынсарин тұйығы көшелері) орташа жөндеу жұмыстарын жүргізуге жалпы құны 463,3 млн теңге құрайтын жобалау-сметалық құжаттар әзірленіп, облыстық бюджеттен қаржыландыруға өтінім берілді. Облыстық бюджеттен Нысанбай жырау көшесін орташа жөндеу жұмыстарын бастауға 50 млн. теңге, Бұқарбай батыр көшесіне 100 млн. теңге, Абай көшесіне 50 млн. теңге қаржы бөлінді.
Бүгінгі таңда құрылыс жүргізетін мердігерлер анықталу үстінде. Аталған көшелерге жол құрылыс жұмыстарын жүргізу жақын арада басталады.