ЖАҢА ЖҰМЫС ОРЫНДАРЫ АШЫЛУДА
«Биылғы жылдың 7 ай қорытындысы бойынша Шиелі ауданында экономикалық тұрғыдан белсенді халық саны 38 298-ді құрады. Оның жұмыспен қамтылғаны 36415-ке артып, жұмыссыздық деңгейі 4,9 пайызға төмендеді немесе 1883 адамды құрап отыр», - деді аудан әкімі Әшім Оразбекұлы баспасөз мәслихатында.
Жылдың басынан бері аудандық халықты жұмыспен қамту орталығына 1934 азамат жұмыс іздеуші ретінде тіркелген. Жұмыс іздеуші тұрғындардың 792-і, яғни 41 пайызы жұмысқа орналасты. Оның ішінде жұмыспен қамтудың мемлекеттік қолдау шараларымен қамтылған мүгедектер саны – 55.
2018 жылы Шиелі ауданы бойынша 1005 жаңа жұмыс орындарын ашу жоспарланып, нақты кезеңде барлығы 1053 жаңа жұмыс орны ашылған. Бұл жылдық жоспар 104,8 пайызға орындалды деген сөз.
«Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының бірінші бағыты аясында тұрғындар қысқа мерзімді оқыту курстарына жіберілді. Мысалы, 70 адам ұсатқыш қондырғысының машинисі, электргазымен дәнекерлеуші, аспазшы мамандықтары бойынша оқытылды. Республикалық бюджеттен бөлінген қаржыға тағы 150 адамды 10 мамандық түрі бойынша қысқа мерзімді оқыту курстарына жолдау жоспарланған еді.
Бүгінгі күнге Шиелі индустриалды-аграрлық колледжіне – 55 адам, Қызылорда «Қызмет» колледжіне – 15 адам және «Арман» оқу орталығына – 40 адам, барлығы 110 адам оқу курстарына жолданды.
Оқу курсын бітірген 9 адамның 4-уі жұмысқа орналастырылды. Сонымен қатар, «Гежуба Шиелі Цемент Компаниясы» ЖШС есебінен 47 адам Қытай халық Республикасына оқуға жіберілсе, 98 жас Шиелі ауданындағы индустриалды – аграрлық колледжде білім алуда.
Бағдарламаның екінші бағыты шеңберінде осы жылы «Бастау Бизнес» жобасы аясында 270 азаматты кәсіпкерлік негіздеріне оқыту жоспарланып, биылғы сәуір-мамыр айларында 92 азамат жоба аясында оқытылуға жолданып, оның 51-і оқу курсын аяқтады. Ал бағдарламаның үшінші бағытының бірінші міндеттемесі аясында әлеуметтік жұмыс орындарын ұйымдастыруға 36973 мың теңге (148 адам) қаржы бөлініп, жыл басынан 40 ұйым, жеке, дара кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтарына 81 азамат жолданды.