Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » ЖАНКЕНТ ПЕН СОРТӨБЕГЕ САЯХАТТАДЫ

ЖАНКЕНТ ПЕН СОРТӨБЕГЕ САЯХАТТАДЫ


Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында берілген тапсырмасымен қысқа мерзім ішінде «Қазақстанның киелі жерлерінің картасы» жасалды. Сыр өңірінен жалпыұлттық қасиетті нысандар тізіміне 12 ескерткіш енді. Бұған Қармақшы ауданынан Қорқыт ата кешені мен Сортөбе қалашығы енді.
Бағдарламаның бір бағыты – «Туған жер» бағдарламасы. Бұл туған жердің әрбір тасы мен тауынан тарихымызды тануға үндейді. Аталған бағдарлама аясында балаларды облыс аумағындағы киелі жерлермен таныстыру, оларды насихаттау жұмыстары мықтап қолға алынды. Оқушы жастардың туған өлке тарихын танып-білуіне жағдай жасау мақсатында түрлі экскурсиялар мен телеэкспедициялар ұйымдастырылуда.
Сондай сапар Қармақшы ауданында ұйымдастырылды. Оған облыстық тарихи-өлкетану музейіне қарасты Қорқыт ата кешені музейінің ұжымы бастамашы болды. Аталған музейдің қызметкерлері Айгүл Бермаханова мен О.Бегалиевтің ұйытқы болуымен қармақшылық  бір топ оқушы жалпыұлттық қасиетті нысандар тізіміне енгізілген Жанкент және Сортөбе қалашығында болды.
Белсенді оқушылардан жасақталған топ орта ғасырлық Жанкент пен Сортөбеге барғанда қос қалашық орнында археологиялық қазба жұмыстары жүргізіліп жатқан-ды. Жоғарыда айтқанымыздай, Сортөбе қалашығы ортағасырлық тарихи орындардың санатына жатады. Қалашық Қармақшы ауданы, Жосалы кентінен батысқа қарай 10-12 шақырым жерде орналасқан. Яғни, Қорқыт ата мемориалды ескерткіш кешеніне жақын. Бұл көне қалаға археолог Әзілхан Тәжекеевтің жетекшілігімен Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті жанындағы «Археология және этнография» ғылыми-зерттеу орталығы өткен 2017 жылы қазба жұмыстарын жүргізген еді.
Сортөбенің оғыз дәуіріне тиесілі екені былтырғы қазба жұмыстарынан-ақ белгілі болды. Одан шыққан экспонаттар Қорқыт ата кешеніндегі музейге қойылды. Бір ғажабы, Сортөбеден тастан жасалған қобыз суреті табылды. Тастан жасалған қобыздың суретін көргеннің өзі адамды ерекше күйге бөлейді. Осыдан сол заманда қобыздың болғанын, оны музыкалық аспап ретінде пайдаланғанын біле аламыз. Танымдық экспедиция мүшелері Қорқыт ата кешені музейін тамашалап, сапарды Сортөбе қалашығынан бастады. Онан соң тарихы терең Жанкент қалашығына барып, қос қалашықта жүріп жатқан қазба жұмыстарының барысымен танысты.
Қазалы аумағындағы Жанкент қаласы – ортағасырлық оғыздардың астанасы. Жас саяхатшылар ІХ-ХІ ғасырларда оғыз тайпасының астанасы болған көне қаланы көздерімен көріп, ғалым Ә.Тәжекеев айтқан қызықты деректерге қанықты.
Көне шаһар орнында Қорқыт ата атындағы ҚМУ-нің ғалымы Ә.Тәжекеев бастаған археологтар биылғы мамыр және маусым – екі ай бойы қазба жұмыстарын жүргізіпті. Олар қыркүйектен бастап археологиялық қазба жұмыстарын жалғастыруда. Сондай-ақ, Сортөбе қаласы орнында Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың археолог-ғалымдары қазба жұмыстарын жалғастыруда.
Ә.Тәжекеевтің айтуынша, қос қалашықта қазба-зерттеу жұмыстары жаңаша әдіспен жүргізілуде.
Айта кетейік, сапар барысы телеарнаға түсірілді. Қорқыт ата музейі қызметкерлері ұйымдастырған бұл сапар оқушылардың туған өлке тарихына деген қызығушылықтарын арттырды.
06 қыркүйек 2018 ж. 1 083 0

Біздің басылымдар

Сыр бойы
Кызылординские вести
Kyzylorda-News
Ақмешіт апталығы
Ақмешіт жастары
Өскен өңір
Тіршілік тынысы
Қазалы
Толқын
Қармақшы таңы
Жаңақорған тынысы
Жалағаш жаршысы

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области