КИЕЛІ МЕКЕНГЕ САЯХАТ
Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы тарихи кезеңдерге сындарлы баға беріліп, қазақ елінің рухани даму бағыты айқындалған. Елбасы қоғамның рухани жаңғыруына халықтың дәстүрі мен ұлттық мәдениеті негіз болуы тиіс екенін атап көрсетті. Мұндай бағытты ұстану кешегі күн мен бүгінді, бүгін мен ертеңді жалғастырады. Жалпы, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы тарихи-мәдени ескерткіштерді зерттеп, зерделеуге айрықша маңыз бергені мәлім.
Өткен 2017 жылы «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасының бірінші кезеңі жүзеге асырылып, киелі орындар анықталды. Қызылорда облысынан жалпыұлттық қасиетті нысандар тізіміне 12 ескерткіш енді.
Қазіргі уақытта аймағымыздың киелі жерлерін таныстыру, насихаттау, жастардың тарихын танып-білуіне жағдай жасау мақсатында түрлі экскурсиялар ұйымдастырылуда. Сондай игілікті шара Қазалы ауданында ұйымдастырылды. Аудандық Ғани Мұратбаев атындағы мемориалдық музейдің қызметкерлері жалпыұлттық қасиетті нысандар тізіміне Жанкент қалашығына барды.
Жанкент қаласының тарихы терең. Жанкент – ортағасырлық оғыздардың астанасы. Саяхатшылар ІХ-ХІ ғасырларда оғыз тайпасының астанасы болған көне қаланы көздерімен көріп, тың деректерге қанықты.
Көне шаһар орнында Қорқыт ата атындағы ҚМУ-нің ғалымдары бірнеше айдан бері археологиялық қазба жұмыстарын жүргізуде. Жетекшісі – археолог Ә.Тәжекеев пен археолог С.Біләлов.
Ғалымдар қалашықта жаңаша әдіспен зерттеу жүргізіп жатқан жұмыстарымен таныстырды. Бұл сапар музей қызметкерлерінің танымын арттырып, ерекше қызығушылықтарын тудырды.
Облыстық «Рухани жаңғыру» орталығы