ҚАЗАЛЫ ЖАУҺАРЛАРЫ: ТЕМІРЖОЛ ВОКЗАЛЫ
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы тарихи-мәдени ескерткіштерді зерттеп, зерделеуге айрықша маңыз бергені белгілі. «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасының бірінші кезеңі жүзеге асырылып, қасиетті орындар, жәдігер ескерткіштер анықталды. Облыс бойынша 12 ескерткіш жалпыұлттық, 35 ескерткіш өңірлік маңызы бар қасиетті орындар тізіміне енгізілді.
Осы ретте Қазалы ауданындағы тарихи-мәдени ескерткіштер туралы мәлімет-деректерді, яғни тарихи маңызы бар ғимараттар мен киелі орындар тарихын «Қазалы жауһарлары» айдарымен назарларыңызға ұсынып отыратын боламыз.
Қазақ халқының тарихында айрықша атауға тұратын тарихи мекеннің бірі – Қазалы. Бұл өлкенің тамыры терең, тарихы кенен десек қателеспейміз. 1928 жылғы 12 мамыр күні республикада алғашқылардың бірі болып Қазалы ауданы құрылды.
Аталған аудан тарихи-мәдени ескерткіштердің көптігімен ерекшеленеді. Олардың қатарында 1903 жылы құрылысы басталған Қазалы стансасындағы теміржол вокзалы. «Сұлутам» атанған бұл ғимарат туралы архив деректері былай дейді:
Қазалы стансасындағы теміржол вокзалы – ХХ ғасырдың басында салынған архитектуралық ескерткіштердің бірі. 1903-1905 жылдары «Орынбор - Ташкент» теміржолы салынғаны тарихтан белгілі. Осы болат жолдың құрылысымен қатар бой көтерген вокзалдың іргетасы (фундаменті) Ақирек тауынан қашалып, нөмірленіп дайындалған түйе керуенімен стансаға тасылған тастардан қаланған.
Қабырғалары күйдірілген кірпіштерден қаланып, төбесі қаңылтырмен жабылған. Бұл ғимаратты «Казпроектреставрация» институты 1980 жылы есепке алып, паспортын дайындаған.
Вокзал үйіне 2003 жылы күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.