ҚАЗАЛЫ ЖАУҺАРЛАРЫ: ҒАНИБАЙ ҮЙІ (КЕРУЕН САРАЙЫ)
«Рухани жаңғыру» саласы бойынша берілген Елбасы тапсырмалары еліміз бойынша жедел орындалып жатыр. Осы ретте Қазалы ауданындағы тарихи-мәдени ескерткіштер туралы қызықты мәліметтерді, яғни тарихи нысандардың салыну тарихын «Қазалы жауһарлары» айдарымен назарларыңызға ұсынып отыратын боламыз.
Жүз елу жылдық тарихы бар Қазалы қаласында орналасқан республикалық санаттағы архитектуралық ескерткіштердің бірі – Ғанибай үйі (керуен сарайы).
Есепке алу үшін «Казпроектреставрация институты» 1980 жылы еспке алып, құжаттарын дайындаған.
Тарихтан белгілі, Қазалы қаласының іргетасы 1853 жылы қаланған. Кейін №1 форт, ал 1867 жылы Түркістан генерал губернаторлығына қарасты Сырдария облысының Қазалы қаласы болып атауы өзгеріп, уезд орталығы болды.
Уезге Арал, Қазалы, Қармақшы аймағы бағындырылды. Шығыс Азия мен Орта Азиядан келетін сауда керуендері Қазалы қаласы арқылы Европаға өткен осындай саудаға ыңғайлы жерде орналасқан Қазалы қаласына татарлар, сарттар, өзбектер, орал қазақтары келе бастады.
Солардың бірі Қазан қаласынан келген ірі көпес Ғанибай Хусаинов еді. Ол өз қаражатына Қазалыға керуен сарайын салдырады. Көнекөз қариялардың айтуына қарағанда, Ғанибай шетелдіктермен де сауда жасаған. Тіпті, Еуропадағы Германия мемлекетіне тері, жүн жіберіп тұрған деген ауызша деректер бар.
Ғанибайдың үйіне (керуен сарайы) 1937 жылы Ақтөбе облысының Мартөк ауданынан көшіріп әкелінген ауылшаруашылығы техникумы орналастырылды. Техникум 1971 жылға дейін жұмыс істеді.
Аталған техникум 1971 жылы Сырдария ауданына көшірілді.