ТУҒАН ЖЕРІМНІҢ ТАРИХЫ
Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Туған жер» бағдарламасы, «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы тура айтқан болатын.
«Әрбір халықтың, әрбір өркениеттің баршаға ортақ қасиетті жерлері болады, оны сол халықтың әрбір азаматы біледі», - деген Елбасы сөзінің астарында үлкен мән жатыр. Ұлы даламыздың тарихы тереңнен басталады. Елбасымыз ескерткіштер, ғимараттар, көне қалалар туралы ғана емес, құнді жәдігерлерді де сақтау туралы меңзейді
Менің туған жерім – Қазалы ауданындағы Қазалы қаласы.
Көне Қазалы қаласының іргетасы патшалық Ресей заманында, сонау 1853 жылы қаланған. Қаланың қала болып салынуына П.А.Перовскийдің қосқан үлесі зор. Ол Сырдария өзені бойымен Ақмешітте саяхаттау барысында Қазалы қаласын №1 форт ретінде қалануына ұсыныс жасаған. 1867 жылы Қазалы қаласы атауына ие болады. 1872 жылы Қазалы қаласы уезд орталығы болады. 1928 жылы Қазалы ауданы құрылып, 1958 жылға дейін аудан орталығы – Қазалы қаласы болған. Қалада білім, денсаулық ошақтары, әртүрлі мекемелер жұмыс жасаған. Қазіргі таңда Қазалы қаласында қала тарихымен байланысты Ғанибайдың керуен сарайы, «Нұралы» мешіті т.б. бар. 2017 жылы Қазалы қаласы өзінің 150 жылдық мерейтойын республикалық шеңберде атап өтті. Мерейтой қарсаңында қаламыздың көшелері асфальтталып, жол жиектері жасалды. Орталық алаңға «Тәуелсіздік» монументі қойылды.
Осы ретте өзімнің туған қалам туралы айтқым келеді. Мен Қазалы қаласының басты көшелерінің бірі – Қорқыт ата атындағы көшесінде тұрамын.
Мен бұл көшеде тұрғаныма мақтанамын. Өйткені менің білім есігін ашқан мектебім де осы көшенің бойында. Мен – Ғани Мұратбаевтың тарихи – мемориалдық музейінің тарихына тоқталғым келеді. Өйткені, мен осы музей жанында тұрамын. Жанынан өткен сайын осы жерде тұрғаныма кеудемді қуаныш кернейді.
Ғани Мұратбаев – Қазақстан мен Орта Азия жастарының жалынды жетекшісі болған.
Ғани Мұратбаев 1902 жылы Қазалы ауданы, қазіргі Ғ.Мұратбаев ауылында дүниеге келген. Не бары 23 жыл өмір сүрсе де, оның есімі мәңгі сақталады. 17 жасында жастар ұйымына мүше болып, 19 жасында «Жас Алаш» газетін ұйымдастырған. Өзінің қажыр – қайратымен комсомолдан Түркістан Республикасы Коммунистік Жастар Одағының жауапты хатшысы, дүниежүзілік Коммунистік Жастар Интернационалының Шығыс бөлімініңмеңгерушісі қызметіне дейін көтерілген. 1925 жылы 15 сәуірде өкпе дертінен Мәскеудің «Биік тау» санаторийінде көз жұмған. Ғани Мәскеудің Ваганьков зиратына жерленген.
Ғани Мұратбаевтың тарихи – мемориалдық музейі 1968 жылы ашылған. Музейдің негізін қалаушылар – Мықтыбай Жанұзақов, Бейбітәлі Құлсейітов, Жәкеш Төлепова. Музейде Ғани атамызға қатысты мыңнан астам жәдігерлер бар. Олар: Ғани Мұратбаевтың өміржолы туралы құжаттар, қолжазбалар және фотосуреттер. Музейдегі құнды дүниелердің бірі – Ғани Мұратбаев тұтынған кілем. Оны Ғани атамыздың жары Бақытжан әже 1984 жылы сыйға тартқан екен. Ғани атамыздың музейіндегі жәдігерлерді толықтыруда музей қызметкерлері Ирина Галиулина, Үміт Садықова, Төлеш Сабырбаевалардың қосқан үлесі зор. Сонымен қатар музейде режиссер Абдулла Қарсақбаевтың Ғани ата туралы түсірген «Менің ағам» көркем фильмі де сақтаулы екен.
Өзім Ғани атындағы мектептің озат оқушысы болғаныма әрдайым қуанамын.
Елбасымыз айтқан рухани жаңғыруды бойымызға сіңіріп өссек, Мәңгілік Елдің мәңгілік ұрпақтары болып қалатынымызға кәміл сенемін.
Нұрбану БАЕКЕЕВА,
Қазалы ауданы
Ғ.Мұратбаев атындағы
№17 орта мектептің оқушысы