СЫР ӨҢІРІНДЕГІ КИЕЛІ ОРЫНДАР
Сананы жаңғырту жұмысы мәдени жадқа, символикалық, киелі және мәдени-тарихи заттарға негізделуі тиіс. Киелі жерлер немесе рухани қасиетті орындар – халықтың рухани дәстүрінің тірегі. Сыр бойында осындай орындар көп. «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы ұлттық нышандарды, қазақстандық ұлттық бірегейліктің каркасын анықтауға мүмкіндік береді.
«Әрбір халықтың, әрбір өркениеттің баршаға ортақ қасиетті жерлері болады, оны халықтың әрбір азаматы біледі. Бұл – рухани дәстүрдің басты негіздерінің бірі», – деген еді Елбасы өз мақаласында.
Сыр өңірін археологиялық тұрғыдан зерттеудің бірнеше бағытта өрбігендігін аса маңызды ашылулармен атап өтуге болады. Арал маңының неолит және энеолит дәуірлеріне, географиялық кең түсінікпен қарағанда, ортаазиялық «қосөзен» Сырдария мен Әмудария аймағында ежелден өркениеттер ізі сақталған. Өлкемізде біздің заманымыздан бұрынғы VI-III мыңжылдықтардың өзінде туыстас тайпалардың қоныстануы аңғарылады. Олардың экономикасы қарапайым, яғни, аңшылық және балық аулау кәсіптері еді.
Бұл мәдениеттің үлкен тұрақтары (Сексеуіл, Көнту, Ақеспе, Қарасандық, Шөлқұм, Тәмпі, т.б.) Солтүстік Арал маңы мен Кіші Борсық құмдарынан табылды. Олар өмір сүруге жайлы, суға жақын аймақтарда орналасқан. Тастан жасалған еңбек құралдарынан басқа, қой, сиыр және құланның сүйектерінің табылуы алғашқы қауымдық тайпалардың отарлап мал өсіру кәсібіне өткендігін көрсетеді.
Міне, атам заманнан өркениет ізі өшпеген Сырдың бойы әр төбесі қасиетті жер болып табылады. Сол себепті, тарих көзімен қарағанда кешегі, яғни кейінгі ортағасырлық пантеонға айналған ірі қорымдар немесе киелі саналып кеткен тарихи орындарға тоқталмас бұрын өңіріміздің киелі (қасиетті) орындарының орналасуы, мерзімделуі және ерекшеліктерін талдауды жөн санадық.
/Жалғасы бар/.
Әзілхан ТӘЖЕКЕЕВ,
Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың
«Археология және этнография»
ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі.
Шахизада ЕРГЕШ,
И.Панфилов атындағы
№5 мектеп-лицейінің оқушысы