ҚАЗАЛЫ ЖАУҺАРЛАРЫ: ЖАНКЕНТ ҚАЛАШЫҒЫ
Елбасының «Рухани жаңғыру» саласы бойынша берген тапсырмалары барлық өңірдегідей Қызылорда облысында да жедел орындалып жатқанына көпшілік куә. Осы ретте Қазалы ауданындағы тарихи-мәдени ескерткіштер туралы қызықты мәліметтерді, яғни тарихи нысандар мен киелі орындар тарихын «Қазалы жауһарлары» айдарымен назарларыңызға ұсынып отыратын боламыз.
Жанкент қорғаны – Қазалы жерiндегi республикалық санаттағы археологиялық ескерткiштердiң бiрi. IХ-Х ғасырларда оғыздардың Сыр бойындағы Сауран, Сығанақ, Түркiстан (Яссы) тағы басқа қалалардың арасында аталатын Жанкент шаһарының орны Сырдария өзенiнiң сол жақ бетiнде, Қазалы қаласынан 15 шақырым жерде жатыр.
Бiздiң дәуiрiмiздiң ҮII ғасырынан бастап қазақ жерiн араб ғалымдары мен саяхатшылары зерттеп, қағазға түсiрген. Солардың бiрi Ибн Хаухаль, кейiнiрек орыс ғалымы В. Бартольд Тараз, Сауран, Испиджаб, Баскент қалаларымен қатар Сырдарияның сол жағалауында, дарияның Арал теңiзiне құяр сағасына жақын, қазiргi Қазалы қаласынан он бес шақырым жердегi қираған қаланың қалдығын Жанкент шахарының орны деп есептейдi. Тарихи деректерге сүйенсек, ежелгi Селжүк (түрiк) мемлекетiнiң көсемi Селжүк 935 жылы өзiнiң дүниежүзiнеәйгiлi жорығын солкездегi оғыз қағанатының орталығы Жанкенттен бастайды. Белгiлi тюрколог ғалым Әуелбек Қоңыратбаевтың жазуынша, Жакенттi мекендеген Жайылхан (қыпшақ) мен Сейiлхан (түрiкмен) 1043 жылдан кейiн Сыр бойынан ығысады. Жанкент ханы шах Мәлiк пен оның баласы Әлидi батыстағы түркмен тайпалары өлтiредi. Сөйтiп,Сырдың төменгi саласын мекендеген оғыз-қыпшақ ұлысының ыдырауы басталады. Оғыздардың көсемi атанған әйгiлi қобызшы Қорқыт та аңыз әңгiмелер мен кейбiр деректерге қарағанда Жанкентте өмiр сүрген. Аңыз бойынша бұл қаланы көп заман бойы билеген кiсiнiң бiрi елге үгiт насихат айтушы, өзi жүзден асқан ойшыл қарт болады. Әбiлғазының түркiмен шежiресiнде оғыз елi әр уақыт Жанкент қаласына жиналып, қайы халқынан инал Яуидi қан көтерiп, оған Қорқыт атаны уәзiр еткенi айтылады. Жанкент жайлы ең бiрiншi жазбаша естелiктер IХ-Х ғасырлардың үлесiне тйедi, ал ХҮ ғасырда қала туралы деректер жоғалады. Тек арада үш жүз жыл өткен соң, ХҮIII ғасырда ғана Жанкенттiң аты қайта жаңғырады. Алайда,бұл, қираған Жанкент жайлы жазбалар. Жанкент қаласы жөнiнде орыс саяхатшысы П. И. Лерх өзiнiң 1867 жылы жасаған археологиялық экспедициясынан соң құнды мәлiметтер қалдырған. Қираған қаланың орнын қазу үстiнде араб әрiптерiмен жазылған қыш құмыралар, ХҮ ғасырдың күмiс және мыс теңгелерi, адамның бас сүйектерi табылған. Аңыз бойынша Жанкенттi билеп тұрған қатыгез Санжар хан Қарабура әулиенiң қаһарына ұшырап, 1153 жылы қарауындағы халқымен бiрге опат болады. Сақталған жазба деректерге сүйенсек, 1219 жылы күзде Жанкент қаласына моңғолдар шабуыл жасайды. Халықты қырып, қаланы түгелдей өртеп жiбередi. Отқа оранған қаланың үстiмен қаһарлы Жошы хан шауып өтедi. Кескiлескен шайқастан есеңгiрген халық ондаған жылдар өткен соң есiн жиып, өмiрлiк кәсiптерi сауда мен қолөнер кәсiпшiлiгiне қайта кiрiседi. Қала ХIҮ ғасырда бұрынғы қалпына келедi. Ендi, Жаңа Жанкент араб-мұсылман мәдениетiнiң орталығы саналады. Осылайша “мың өлiп, мың тiрiлген” Жанкент тағы бiр ғасыр өткен соң мәңгiлiкке жойылады. Яғни, ХҮ ғасырдан берi қаланың көне тарихтың куәсiндей томпиып орны ғана жатыр. Аумағы төрт шаршы шақырым жердi алатын қасиеттi де қасiреттi қаланың сыры мен мұңы қойнында. Ол жайлы тарих пен шежiре ғана сыр шертедi. Қаланың күншығыс қапталынан қоршап жатқан қалыңдығы екi метрден асатын ескi қорған сол заманның ескерткiшiндей ата-бабаларымыздың өткен өмiрiн көз алдымызға елестетедi. Жанкент қаласының орны Қазалы ауданының қазiргi “Өркендеу” ауылының орталығында бабалардың көзiндей, тарихтың өзiндей болып жерге шөгiп жатыр. Қаланың жойылуына не себепшi? Бұл жайлы тарихи деректер былайша түсiндiрiледi. Жанкент-Азия мен Еуропаны байланыстырған Ұлы Жiбек жолының бойындағы қала болатын. Сол ғасырларда ашыла бастаған жағырапиялық жаңалықтар құрлық пен теңiз арасындағы сауда жолдарына үлкен өзгерiстер енгiзген. Осыған байланысты құрлық арқылы өтетiн дүниежүзiлiк маңызы бар керуен жолдары қысқара бастайды. Жанкент арқылы Сырдарияны кесiп өтетiн үлкен жолдың да ғұмыры аяқталады. Сырдария мен Жаңадария, Қуандария бойындағы Жент, Жанкент, Күйiк-кескен, Күйiк қаланы мекендеген халық осындай себептен және моңғол, жоңғар, қалмақ шапқыншылығының кесiрiнен күйзелiске түскендiктен ата-мекендi амалсыз тастап, бiрте-бiрте осы күнгi Өзбек жерiне – Ташкент, Бұхара, Самархан, Хорезм маңына қоныс аударады. Мiнеки, Орта Азия мен қазақ халқының, бүкiл түркi тiлдес халықтардың шежiресiнде айрықша орын алатын Жанкент қаласының қысқаша тарихы осындай.
Өз заманында оғыздардың астансы болған Жанкент қалашығының осыдан бірнеше жыл бұрын қолданысқа берілген «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық автожолы бойына жақын орналасуы шетелдік және отандық саяхатшылар мен жергілікті тұрғындар үшін оның туристік тартымдылығын арттыра түседі.
/мақалаға пайдаланылған фотосурет авторы: Дамир Өтеген/.