ОЗЫҚ ЖОБАЛАР ҚАРЖЫЛАНДЫРЫЛУДА
Шиелі ауданы бойынша биыл да бірқатар жобалар қаржыландырылып, 24 жоба қайтарымсыз грант ұтып алды. Атап өтсек, жыл басынан бері «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ облыстық филиалы арқылы 34 жобаға 108 млн 500 мың теңге несие қаражаты берілген. Қазіргі таңда жалпы құны 470 млн. теңге болатын 122 жоба аталған қаржы институтына ұсынылып, ауданға бөлінген қаржыға сәйкес 96 млн. теңгенің 23 жобасының нақты несиелендіру бағытында құжаттары қабылданды. Бұл туралы аудан әкімі Әшім Оразбекұлы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтып берді.
Мұнан өзге өңірлік инвестиция орталығы арқылы ауданнан жалпы құны 548 млн. теңгені құрайтын 82 жоба бақылау кеңесіне ұсынылған. Нәтижесінде 195 млн 500 мың теңгені құрайтын 58 жоба қолдау тапты. Нақты кезеңде бұл жобалар бойынша жалпы құны 157 млн. теңге болатын 40 жоба толық қаржыландырылды.
Сонымен қатар, «Агробизнес» бағдарламасы арқылы құны 364 млн. теңге болатын 14 жоба қаржыландырылған. Қазір қосымша жобалық құны 336 млн. теңгені құрайтын 17 жобаның құжаттары несиелендіру үшін қаралуда.
«Бизнестің жол картасы-2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы шеңберінде пайыздық мөлшерлемелерін субсидиялау бойынша Шиелі ауданында жалпы құны 111 млн. теңгені құрайтын 4 жоба екінші деңгейлі банктер тарапынан қаржыландырылды.
Аталған бағдарлама аясында қайтарымсыз грант қаражатын алуға Шиелі ауданынан 100 жоба ұсынылып, комиссияның қорытындысымен 15,3 млн. теңгені құрайтын 24 жоба жеңімпаз атанды.