ҚЫЗЫЛОРДАЛЫҚ ЖАС ҒАЛЫМНЫҢ ЖАҢА МОНОГРАФИЯСЫ ЖАРЫҚ КӨРДІ
Жақында «Болашақ» ғылыми-зерттеу институтының директоры, саяси ғылымдарының кандидаты М.Насимовтың «Сананы жаңғыртудың 6 бағыты: мәні, мазмұны және түсініктері» атты жаңа монографиясы жарық көрді. Ғылыми монографияда Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында ұсынылған тұтас қоғамның және әрбір қазақстандықтың санасын жаңғыртудың 6 бағытының мәні, мазмұны және түсініктеріне сараптама жүргізіледі.
Монография алты бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімінде бәсекелік қабілеттің негізгі белгілері мен ерекшеліктері айқындалады. Екінші бөлімі прагматизм ұғымының ғылыми түсініктеріне арналған. Үшінші бөлімде ұлттық бірегейліктің мәні мен түсініктері сарапталады. Төртінші бөлімде білімнің салтанат құруы мәселелері қарастырылады. Бесінші бөлім қоғамның эволюциялық дамуының жалпы көріністерін анықтайды. Ал, алтыншы бөлімінде сананың ашықтығы әрбір қазақстандықтың санасын жаңғыртудың бағыты ретінде айқындалады.
Берілген монография «Болашақ» ғылыми-зерттеу институтының әлеуметтік-экономикалық және саяси зерттеулер орталығында орындалды. Пікір берушілер алқасында саяси ғылымдарының докторы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің саясаттану және саяси технологиялар кафедрасының профессоры С.Мұсатаев, саяси ғылымдарының докторы, «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы директорының ғылым жөніндегі орынбасары Ә.Қайдарова, тарих ғылымдарының докторы, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің «Қазақстан тарихы» кафедрасының қауымдастырылған профессоры Т.Сәтбай секілді танымал ғалымдар бар.
Ғылыми монография Қызылорда облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы хатшылығы мен облыс әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің қолдауымен жарық көріп отыр.