БЕЛГІЛІ ЖАЗУШЫМЕН КЕЗДЕСУ ӨТТІ
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында филология ғылымдарының кандидаты, жазушы әрі аудармашы Камал Әлпейісовамен «Рухани жаңғыру: аударма өнерінің бүгінгі жетістіктері» атты кездесу өтті.
Облыстық «Рухани жаңғыру» орталығының ұйымдастыруымен өткен шараның мақсаты – «Рухани жаңғыру» бағдарламасының маңыздылығы мен басым бағыттары жайында жастарға кеңінен ақпарат беру. Бағдарламаны жүзеге асыру мақсатында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқтала отырып, жастарды прагматик болуға шақыру. Сананың ашықтығын қалыптастырып, білімнің салтанат құруына мүмкіндік жасау. «Рухани жаңғырудағы» аударма өнерінің маңызы мен бүгінгі жетістіктерін кеңінен айту.
Камал Әлпейісова – елімізде ілеспе аударма жасауды меңгерген алғашқы аудармашылардың бірі. Республикалық «Үздік аудармашы» конкурсының жеңімпазы. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.
Жазушы еңбек жолын 1979 жылы «Лениншіл жас» («Жас алаш») газетінде корректорлық қызметтен бастаған. Одан соң 1981 жылы «Қазақстан әйелдері» журналында әдеби қызметкер, 1990 жылы ҚР Жоғарғы Кеңесінің Әйелдер ісі, ана мен баланы қорғау комитетінде қызметтерін жалғастырған.
Ал 1994 жылы ҚР Жоғарғы Кеңесі Аппаратының редакциялық баспа бөлімінде консультант, ілеспе аударма секторының меңгерушісі болы қызмет атқарған. Қазіргі таңда «Қоғамдық келісім» РММ жетекші сарапшысы болып еңбек етуде.
Камал Әбілқасымқызы жауапты қызметте жүрсе де шығармашылықтан алшақтап кеткен жоқ. Республикалық газет-журналдарда әңгіме, өлең, аудармалары жарияланып тұрады.
Сонымен қатар ол «Қыз өссе, ұл есейсе», «Н.Қайыпова», «Жапырақтары жанымның», «Мағыналас мақал-мәтелдердің, «қанатты сөздердің қазақша-орысша сөздігі» атты кітаптарының авторы. Аударма жұмыстарына да белсене ат салысып, «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша шығарылған «Әлемдік саясатттану антологиясында» грек ойшылдары Демокрит, Аристотель, Платон, Сократ және батыс ойшылдары Бенедикт Спинозаның, Джон Локктың, Паскаль Блездің жекелеген еңбектерін аударған.
Шара барасында Камал Әбілқасымқызының аударма саласындағы осындай жетістіктері сөз болып, жастар өздерін толғандырған сұрақтарына жауап алды.