ЕКПЕДЕН БАС ТАРТУ – ЕРТЕҢГЕ ҚАУІП

Денсаулық үйінде өткен шарада облыстық денсаулық сақтау басқармасының бөлім меңгерушісі Бибізада Дүйсенбаева ағымдағы жылы 69 адамның екпеден бас тартқандығын жеткізді. Айтуынша бас тартқандардың 31 пайызы екпе салуды тиімсіз деп тапса, 24 пайыздан астамы вакцинаның сапасына көңілі толмайтындықтарын білдірген екен. Бибізада Әшімқызы вакцина қабылдаған әрбір адам 72 сағат ішінде денсаулығын күтсе ешқандай кері әсері болмайтындығын айтады.
Облыстық ақпараттық түсіндірме тобының мүшесі, дінтанушы-теолог маман Батырбек Убаев діни ұстанымдарын себеп етіп, екпеден бас тартатындардың дені дінді дұрыс түсінбегендіктен дейді. Сондықтан діни себептерге байланысты вакцинадан, транспланттаудан, қан құюдан және басқа да медициналық көмектерден бас тартатындар арасында түсіндіру жұмыстарын жандандыру қажет деген пікірде. Ал, Қорқыт ата атындағы ҚМУ-нің аға оқытушысы Әлібек Жаппасбаев қазіргі таңда ислам мемлекеттерінің вакцинаға көңіл бөлгендігін, тіпті қажылық сапарға баратындар үшін менингококк вирусына қатысты екпенің міндеттелгендігін жеткізді.
Жиын соңында Дін мәселелерін зерттеу орталығы мамандары мен Облыстық денсаулық сақтау басқармасының қызметкерлері бірлесіп, тұрғындар арасында екпеге қатысты түсіндіру жұмыстарын жандыру мәселелерін талқылады. 
