ТОҚАБАЙДАҒЫ МЕРЕКЕ
Арал ауданы Тоқабай елді мекенінде Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Арал ауданының құрметті азаматы Қуаныш Бердімағанбетовтің туғанына 85 жыл толуына орай еске алу шарасы өтті.
Осы күні Тоқабай ауылының орталығынан демалыс саябағы осындағы ағайынның игілігіне берілді. Саябақта Қ.Бердімағанбетовтің ескерткіш мүсіні (бюсті) ашылып, орталық көшеге еңбек майталманының есімі берілуі еңбек адамының қай қоғамда да құрметті екендігін танытты.
Шара театрландырылған қойылымнан басталды. Ақын, режиссер сценарист Оңталап Нұрмаханов еңбек адамына арнаған «Діңгегі дарақталған Тоқабайдан» атты жырын оқыса, жырау Айбек Тәңірбергеновтің шәкірттері терме-толғаулар орындады.
Атақты шопанмен кезінде бірге қызмет жасап, көзін көрген ақсақалдар өздерінің естеліктерімен бөлісті.
Қуаныштысы, ұрпақтарының демеушілігімен осындағы №248 қазақ орта мектебінде музей ашылды. Оған Қ.Бердімағанбетовтің тұтынған заттары мен түрлі мараматтары қойылған. Қонақтар музей экспонаттарымен танысып, мәжіліс залында өткен танымдық конференцияға қатысты. Даңқты шопан туралы көптеген қызықты деректерге қанықты.
Конференцияны Арал ауданы әкімінің орынбасары Рүстем Өтешов жүргізіп отырды. Ардагер-ұстаз, өлкетанушы Үргенішбай Қуатов Қ.Бердімағанбетовтің өмірі мен еңбек жолындағы бағындырған жетістіктеріне тоқталып, Қарақұм ауылдық округінің, оның бір бөлімшесі болған Тоқайбай ауылының тарихын тарқатты.
Шараға облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Шахмардан Қойшыбаев пен Қазалы ауданы әкімінің орынбасары Сәбит Бабанаев бастаған арнайы делегация, еліміздің әр өңірінен меймандар келді. Марқұмның рухына құран бағышталып, ас берілді.
Ұлттық ат спорты түрлерінен құнан, топ және аламан бәйгелері өткізілді. Бәйге десе делебесі қозып, қиқу қосатын халықтың ұрпағы емеспіз бе, осы күні түс ауа халық Тоқабайға қарай ағылды. Атқұмар жандар бұл бәйгеге еліміздің бірнеше облысынан, тіпті Ресейдің Орынбор қаласынан жүйріктерін үкілеп-баптап әкеліпті.
Алдымен 12 шақырымдық құнан, онан соң 18 шақырымдық топ бәйге өтті. Құнан бәйгеде Шиелі ауданы Бала би ауылының «Нар қызыл» атты жүйрігі бас бәйгені жеңіп алса, тоқ бәйгеде Жақсықылыш кентінің «Баққұс» есімді торы аты топ жарды.
Аламан бәйгенің орны қашан да бөлек. Бас жүлдеге автокөлік тігілді. Бұл тұлпар мен шабандоздың жауапкершілігін еселей түсті. «Алауан-алуан жүйрік бар, әліне қарай келетін» демекші, 27 шақырымдық жарыс жолына 37 жүйрік қосылды. Өзгелерден оқ бойы озық шыққан Тоқабай ауылының «Бас Батыр» деген торы қасқасы иесіне аламан бәйгенің бас жүлдесі - автокөлік сыйлады.
Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, даңқты шопан Қуаныш Бердімағанбетовтің құрметіне арналған ұлттық ат спорты жарысы осылайша Тоқабай даласын мереке-думанға бөледі.