ЕҢБЕК ЕТЕМІН ДЕГЕН АДАМҒА МҮМКІНДІК МОЛ
Нақты кезеңде мүмкіндігі шектеулі болса да кәсіппен айналысып, нәсібін қолөнермен тауып жүрген жандар аз емес. Сондай мүмкіндігі шектеулі шебердің бірі – Данияр Ахметов.
Ағаштан түйін түйіп, ұлттық өнерімізді насихаттап жүрген шебер Жаңақорған ауданында тұрады. Өзі тұратын үйінің ауласын шеберханаға айналдырған Данияр соңғы 10 жылдан бері халыққа қажетті қолөнер бұйымдарын жасап келеді. Қазір оның жасаған өнімдеріне сұраныс жоғары.
– Қолымнан шыққан әрбір бұйым елдің игілігіне жарап жатса, мен үшін үлкен қуаныш. Тұтынушыларым оң бағасын бергенде, жұмысыма деген жауапкершілік те артады. Сенімім нығаяды. Шабытым шалқиды, - дейді ағаш шебері.
Данияр «Бастау-Бизнес» жобасы туралы таныстарынан есітіпті. Біршама уақыт бұрын осы жоба бойынша оқу курсына қатысты. Жобасын ұсынып еді көп ұзамай қолдау тапты.
Сонымен бірге «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығына тиісті құжаттар тапсырып, қаражатқа қол жеткізді. Оған ағаш жонатын аппараттар мен қажетті құрал-жабдығын түгендеді. Енді ісі жеңілдей түсіп, тапсырысты ерте аяқтауға қол жеткізді.
Айта кетейік, қолөнер шеберінің туындылары елімізде үздік жоба деп те танылды. Елордада «Атамекен» ҰКП V съезі аясында «Бастау» жобасы түлектерінің форумы өтіп, жобаның бастауымен іске қосылған 30 үздік бизнес-жоба иегерлері марапатталды. Олардың қатарында біздің кейіпкеріміз Данияр Ахметов те бар.
Облыс орталығы Қызылорда қаласындағы Кәсіпкерлер үйінде «Өзіңе сене баста!» атты мүмкіндігі шектеулі кәсіпкерлердің өнімдерінен облыстық көрме-байқауы өткені мәлім. Данияр осы байқауға да қатысты. Онда облыс әкімі байқау жеңімпаздары мен қатысушыларын марапаттады. Көрме-байқауға қатысушылар – тағдыр тауқыметіне қарамастан, қоғамнан өз орнын тауып, кәсіп ашып, өзгелерге де қолдау көрсеткендер.
Олардың ісі көпке үлгі. Шебер осы шарада көптеген мүмкіндігі шектеулі кәсіп иелерімен танысып, тәжірибе бөлісті. Данияр үшін бұл жиынның маңызы зор.
– Қазіргі таңда біздің елімізде кәсіп жасаймын деген жандарға мемлекет тарапынан қолдау көп. Бастаған ісіңді кеңейтуге барлық жағдай жасалған. Оқу курсына қатысып, жобамды қорғап шықтым. Еңбек етемін деген адамға мүмкіндік көп. Тек жалқаулықты жеңе білу керек. Маған қызығушылық танытатын жастар да келіп жатады, - дейді Данияр.
Оның бос уақыты жоқ. Тапсырыс қабылдау, оны уақытылы орындау, сияқты күнделікті тіршілік астасып жатыр. Көбіне балабақшалар мен жеке тұрғындардан тұрмысқа қажетті бұйымдарға ұсыныс түседі. Ағаштан сандық, үстел, кітап сөрелері сынды дүниелерді жасайды.
Халқымыздың көне заманнан келе жатқан қолөнерін меңгеріп, ата дәстүрін жалғап келе жатқан Данияр сынды өнерлі жандарды көргенде қуанасың. Он саусағынан өнері тамған шеберлер қашанда керек. Олардың қымбат қазынасы – өткеніміздің белгісі, келешегіміздің келбеті.