ҰСТАЗДАР ЖҰМЫСЫНДАҒЫ ЖАҢА БАҒЫТТАРДЫ АЙҚЫНДАҒАН ЕЛБАСЫ ЖОЛДАУЫ
Қызылордадағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің ұжымы Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына Жолдауын талқылады. Ұстаздар қауымы Елбасы идеясына қызу қолдау көрсетті.
Елбасы өз Жолдауында білім берудің сапасы мен қолжетімділігі аясында өзекті мәселелерге тоқталды, әсіресе мектеп білімін реформалауды аяқтау керектігін жеткізді: Назарбаев зияткерлік мектептерінің оқыту жүйесі мен әдістемесі мемлекеттік мектептер үшін бірыңғай стандарт болуға тиіс екендігін, ал білім сапасын бағалау жүйесі халықаралық стандарттарға негізделуі қажеттігін міндеттеді.Сонымен бірге Президент балалар қауіпсіздігінің маңыздылығын ескеріп, мектеп психологтарының жұмысын күшейтуді және балаларды сұранысқа ие мамандықтарға бейімдеп, кәсіби диагностика жүргізу маңыздылығын атап көрсетеді.
Қызылордадағы Назарбаев Зияткерлік мектебі Елбасының білім беру жүйесінің алдына қойған мақсаттарын орындау бағытында жұмыс жасайды. 2015 жылы Қызылорда облысының әкімдігі мен «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ арасында меморандум жасалып, соның аясында 44 инновациялық және 2 пилоттық мектеп белгіленіп, оларға Назарбаев Зияткерлік мектептерінің тәжірибесі кеңінен таратылуда.Өткен оқу жылында жалпы білім беретін мектеп мұғалімдерінің кәсіби біліктілігін арттыруға бағытталған 52 іс-шара ұйымдастырылып, облысымыздағы 900-ге жуық педагог жаңартылған білім беру жағдайында сабақ сапасын арттыру, командалық оқыту мен оқушыларды бағалау жүйесі бойынша ашық сабақтар, шебер-сыныптар мен семинар-тренингтерге қатысты.
Назарбаев Зияткерлік мектептерінің білім беру жүйесінде мектеп оқушыларын сұранысқа ие мамандықтарға бейімдеу бағытында оқушыларға негізгі мектептекәсіби бағдар берудің жүйелі моделі жасалынған, яғни 7-10 сыныптарда оқушылар өз болашақ мамандықтарына сәйкес профильды пәндерді тандап, жоғары сыныптарда оларды тереңдетіп оқуға және университетке түсуге дайындық жұмыстарын жүргізуге мүмкіндіктері бар.
Сонымен қатар жолдауды талқылағанұстаздар қауымы Елбасының «Педагог мәртебесі туралы» заңды әзірлеу идеясын мақұлдады. Бұл құжат мұғалімдер мен мектепке дейінгі мекеме қызметкерлерін игілікті істерді қолдауға, жүктемені азайтуға, жөнсіз тексерістер мен міндеттен тыс функциялардан арылуға көмектеседі.
Жалпы биылғы Елбасы Жолдауы қазақстандықтардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған көптеген қызықты әрі пайдалы жобаларды қамтиды. Мектеп директоры Жұматай Бахыт Әмірханұлы жолдауда көрсетілген міндеттерді орындайтын біздер екенін ескертіп, әрбір мұғалімнің жолдауды орындауда атқарар рөлінің зор екендігін түсіндірді.