Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » ҚАРЖЫЛЫҚ ДЕРБЕСТІКТІ ҚАЛЫПТАСТЫРУ ҚАДАМДАРЫ

ҚАРЖЫЛЫҚ ДЕРБЕСТІКТІ ҚАЛЫПТАСТЫРУ ҚАДАМДАРЫ


Қызылордада облыс әкімінің орынбасары Қуанышбек Ысқақовтың төрағалығымен аппарат мәжілісі өтіп, онда бірнеше мәселе қаралды.
Жиында күн тәртібіндегі алғашқы мәселе – жергілікті бюджеттің төртінші деңгейін енгізу бойынша облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Сәуле Құлымбетованың хабарламасы тыңдалды.
Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының
98-қадамында аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент және ауылдық округ деңгейінде жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджетін енгізуді тапсырды. 2013 жылы елімізде Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту тұжырымдамасы қабылданған. Онда жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту екі кезеңге бөлінген. Біріншісі – басқарудың төменгі деңгейлеріндегі қолданыстағы жүйенің әлеуетін кеңейту, екінші кезең – жергілікті өзін-өзі басқаруды одан әрі дамыту.
– Жергілікті өзін-өзі басқару органдарының жергілікті маңызы бар мәселелерді шешудегі қаржылық дербестігін кеңейту мақсатында ауыл әкімдеріне жергілікті өзін-өзі басқару органдарының кіріс көздерін қалыптастыру және қолма-қол ақшаны бақылау шоттарын ашу құқығы беріледі.
Бұл бағытта жергілікті өзін-өзі басқарудың қолма-қол бақылау шоттары барлық 146 ауылдық әкімдікте ашылады. Биыл 10 ай ішінде жергілікті өзін-өзі басқарудың қолма-қол ақшаны бақылау шоттарына 736 млн теңге көлемінде қаражат түсті, оның ішінде салықтың 6 түрі бойынша 720,2 млн теңге түсім жиналды. Айтылған уақыт ішінде жергілікті қоғамдастық мәселелерін шешу үшін 534,9 млн теңге жұмсалды,– деді С.Құлымбетова.
Белгілі болғанындай, жергілікті өзін-өзі басқару бюджеті аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ деңгейінде 2018 жылдан бастап халық саны 2000 адамнан астам (66 елді мекен) әкімшілік аумақтық бірліктерде дербес бюджет енгізілетін болады. Ал, 2020 жылдан бастап (88 елді мекен) халық саны 2000-нан төмен жерлерде мемлекеттік бюджеттің 4 –деңгейі енгізілетін болады.
Мәжілістегі екінші мәселе, яғни, облыс бойынша барлық деңгейдегі әкімдердің тұрғындармен өткізілген есепті кездесуінде көтерілген өзекті мәселелерді іске асырудың іс-шаралар жоспарының орындалу барысы туралы да облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Сәуле Құлымбетова баяндады.
Оның мәлімдеуінше, ағымдағы жылдың 15-24 ақпан аралығында барлық деңгейдегі халықпен өткізілген 151 есепті кездесуде 25 мыңнан астам тұрғын қатысып, 337 ұсыныс пен сұрақ келіп түскен. Оның ішінде 114 сұраққа тікелей кездесулер үстінде тиісті жауаптар берілсе, қалған сұрақтар бойынша мәселелерді шешу мақсатында қалалық және аудандық деңгейде іс-шаралар жоспары әзірленді. Ал, орталық және жергілікті атқарушы органдар тарапынан шешімін қажет ететін өзекті мәселелер бойынша 41 проблемалық мәселе анықталған.
Баяндамашының айтуынша, оның ішінде орталық атқарушы органдар тарапынан шешімін қажет ететін 23 мәселе, жергілікті атқарушы органдар тарапынан шешімін қажет ететін 18 мәселе көтерілген.
Көтерілген мәселелердің барлығы каналдарды тазалау мен су құбыры жүйелерінің құрылысына, тұрғын үйлерді жөндеуге, елді мекендерді газдандыруға, ауыз сумен қамтамасыз етуге, аудандық маңызы бар жолдарды жөндеуге, мектептер мен балабақшалардың құрылысына қатысты.
– Орталық және жергілікті атқарушы органдар тарапынан шешімін қажет ететін өзекті мәселелер бойынша 41 проблемалық мәселенің 20-сы орындалуда, 20-сы орындалмаған, біреуі орындалудан алып тасталды. Ендігі жерде орындалмаған 20 мәселені шешу мақсатында бюджеттік бағдарлама әкімшілері, аудандар мен Қызылорда қаласының әкімдіктерімен бірлесе отырып, тиісті ұсыныстарды беру қажет,– деді басқарма басшысы.
Үшінші мәселе – «Баршаға арналған тегін кәсіби-техникалық білім» бағдарламасының облыста жүзеге асырылу барысы туралы облыстық білім басқармасының басшысы Бақытжан Сайлыбаевтың баяндамасы тыңдалды.
Елбасы тапсырмасына сәйкес үстіміздегі жылдан бастап жастардың бірінші жұмысшы мамандығын алуына мүмкіндік беретін «Баршаға арналған тегін кәсіби-техникалық білім» жаңа жобасы жүзеге асырылуда. Бұл орайда еңбек нарығының сұранысына ие мамандарды даярлауға басымдық беріліп, 2013-2014 оқу жылында
барлық техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында салаландыру жұмыстарын жүргізу арқылы бірнеше оқу орындарында қатар даярланып келген мамандықтар қысқартылған. Нәтижесінде оқу орындары тау-кен өндірісі, металлургия саласы, қызмет көрсету және сервис, құрылыс, ауыл шаруашылығы, индустрия және технология салаларына маман даярлау бағыттары бойынша салаланды.
Басқарма басшысы биылдан бастап жүзеге асырыла бастаған «Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім» жобасы бойынша кешенді іс-шаралар қабылданып, жұмыстардың атқарылып жатқанын айтты. Оның айтуынша, тегін жұмысшы мамандығын алу бойынша бірінші мақсатты тапта негізгі орта білімі бар жастар қамтылса, екінші мақсатты топқа кәсіби білімі жоқ, колледждер мен жоғары оқу орындарынан оқудан шығып қалған жастар тартылады.
Мәселен, үстіміздегі жылы жергілікті бюджеттен бөлінген 3008 орын, республикалық бюджеттен 1515 орын, барлығы 4603 орын мемлекеттік тапсырыс негізінде 9 және 11 сыныпты бітіруші түлектер тегін жұмысшы мамандығын алуға мүмкіндік алған.
Аппарат мәжілісінде тағы да басқа бірнеше мәселе қаралды. Жиынды қорытқан облыс әкімінің орынбасары Қуанышбек Ысқақов күн тәртібінде көтерілген мәселелерге қатысты тиісті сала басшылары мен аудан, қала әкімдеріне облыс әкімі тарапынан тапсырылған бірқатар тапсырмаларды жүктеді.
Айнұр БАТТАЛОВА, «СБ»


14 қараша 2017 ж. 698 0

Біздің басылымдар

Сыр бойы
Кызылординские вести
Kyzylorda-News
Ақмешіт апталығы
Ақмешіт жастары
Өскен өңір
Тіршілік тынысы
Қазалы
Толқын
Қармақшы таңы
Жаңақорған тынысы
Жалағаш жаршысы

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области