ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНАН 900-ГЕ ЖУЫҚ САРБАЗ ӘСКЕРГЕ АТТАНАДЫ
Күзгі науқан бойынша Қызылорда облысынан 1991-2000 жылы туылған 900-ге жуық азамат әскер қатарына жіберіледі деп жоспарланды.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қызылорда облысының қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы Еркінбек Байболов мәлімдеді.
«Болашақ сарбаздарды ҚР Қарулы Күштеріне басқа да әскерлері мен әскери құралымдарына жіберу жұмыстары қыркүйектің 9 мен желтоқсанның 28-і аралықтарына дейін жалғасады. Алғаш, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметіне қарасты Алматы, Маңғыстау, Атырау облыстарында орналасқан әскери бөлімдеріне 200-ге жуық облыс азаматтары белгіленген талаптарға сәйкес жіберілді», - деді Е. Байболов.
Қазіргі таңда 300-ге жуық жас ҚР Қорғаныс министрлігіне қарасты әскери бөлімдерге және элиталы әскери құрылым саналатын ҚР Мемлекеттік күзет қызметіне 16 азаматқа іріктеу жұмыстары жүргізілуде. Қазанның 19 - ы күні екі әскери құрылымға арналған салтанатты шығарып салу шарасы өткізіледі. Қараша, желтоқсан айларында ҚР ІІМ Ұлттық Ұлан әскери бөліміне де сарбаздар аттанатын болады.