ҚАРМАҚШЫҒА КӨГІЛДІР ОТЫН КЕЛЕДІ
Қазіргі таңда аймағымыздағы елді мекендер тұрғындарын газбен жабдықтау үшін оларды «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистралды газ құбырына қосу, яғни облыс халқын газдандыру бағытындағы жұмыстар өз жалғасын табуда.
Қармақшы ауданының тұрғындарына да табиғи газдың игілігін көруге аз уақыт қалды. Ол үшін республикалық бюджеттен 500 млн теңге, облыстық бюджеттен 55,6 млн теңге қаржы бөлінді. Бұл күнде мердігер мекемемен келісімшарт жасалып, 14,8 шақырым болатын жоғарғы қысымды газ құбырларының құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Құрылысты жүргізетін мердігер мекеме «ТрансАзияКонстракшн» ЖШС. Газдандыру жұмыстарының нәтижесінде аймақтың сенімді энергетикалық базасын құрылып, тұрақты экономикалық өсуіне мүмкіндік береді.
- Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының динамикасына оң септігін тигізетін болады. 2015 - 2016 жылдары облыстық бюджет есебінен «Жосалы кентіне жүргізілетін газ құбырының және кварталішілік газ құбырларының құрылысы» жобасы рәсімделіп, облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы тарапынан қажетті қаржы көлемін республикалық бюджеттен бөлу мақсатында тиісті министрліктерге бюджеттік өтінім жолданған. Осыған сәйкес, алдағы уақытта (2020 жылы) аталған жоба жүзеге асуы жоспарланып отыр, - дейді аудан әкімі С.Мақашов.