МӘСКЕУ МЕМЛЕКЕТТІК УНИВЕРСИТЕТІ ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІ АНТОЛОГИЯСЫНЫҢ ОРЫС ТІЛІНДЕГІ НҰСҚАСЫН ШЫҒАРАДЫ
Әдеби жинақтарды орыс тіліне аударып, басып шығаруға М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің баспа үйі, сондай-ақ Ресей Жазушылар одағының Мәскеу қалалық ұйымы атсалысады.
Қазақ әдебиеті антологиясының орыс тіліндегі нұсқасын Мәскеу мемлекеттік университеті шығарады. Бұл туралы бүгін Мәскеуде "Рухани жаңғыру" бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі Ұлттық комиссия мен "Жаһандану әлеміндегі заманауи қазақстандық мәдениет" жобасының ресейлік серіктесі арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою рәсімі барысында мәлім болды, деп хабарлайды BNews.kz Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы елшілігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Нақтырақ айтсақ, "Қазіргі қазақ прозасының антологиясы" мен "Қазіргі қазақ поэзиясының антологиясын" орыс тіліне аударып, басып шығаруға М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің баспа үйі, сондай-ақ Ресей Жазушылар одағының Мәскеу қалалық ұйымы атсалысады.
Қазіргі заманғы қазақ әдебиетінің үздік үлгілері жинағын БҰҰ-ның 6 тіліне аудару Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған "Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында жүзеге асып жатқаны мәлім. Бағдарламаның маңызды бағыттарының бірі – "Жаһандану әлеміндегі заманауи қазақстандық мәдениет". Оның мақсаты – заманауи қазақ әдебиетінің, музыкасы мен бейнелеу өнерінің жауһарларын, кино мен театр, хореография саласының тәуелсіздік жылдарындағы табыстарын дүние жүзіне таныстыру.
Меморандумға қол қою рәсімі Қазақстанның Ресейдегі елшілігінде, Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Төтенше және өкілетті елшісі И.Н.Тасмағамбетов пен "Ұлттық аударма бюросының" директоры Р. Кенжеханұлының қатысуымен өтті. Қазақстан тарапынан меморандумға "Рухани жаңғыру" бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі ұлттық комиссияның хатшысы Аида Балаева қол қойды.
"Қазақстанның бұрыннан сенімді серіктігі, әріптесі Мәскеу мемлекеттік университеті мен Ресей жазушылар қауымының орталық аймақтағы ірі ұйымының мол тәжірибесі мен жоғары беделінің арқасында жобамыздың сәтті жүзеге асатынына, яғни қазақ әдебиетінің орыс тіліне аудармасының сапасы жоғары болатынына әрі басылым орыстілді кеңістікте кең таралатынына сенімдімін", - деп жылы лебізін білдірді Аида Балаева.
Өз кезегінде Мәскеу мемлекеттік университеті жанындағы баспа үйінің директоры Александр Веракса университет баспасы жобаның сәтті жүзеге асуына оқу орнының талай жылғы тәжірибесіне арқа сүйеп бар күштерін салатынын жеткізді. Ал, Ресей Жазушылар одағы Мәскеу қалалық ұйымының төрағасы Владимир Бояринов аударманы антологияға дайындау барысы Қазақстан мен Ресей қаламгерлері арасына алтын арқау болып, өзара мәдени ықпалдастыққа оң әсерін тигезетініне үміті зор екенін айтты.
Меморандумда көрсетілген ынтымақтастық аясында Ресей Жазушылар одағының Мәскеу қалалық ұйымы әдеби жинақтарға сұрыпталған шығармалардың көркем аудармасымен және оны редакциялаумен айналысады. Ал, Мәскеу мемлекеттік университетінің баспа үйі антологияны басып шығаруды, сондай-ақ оның орыстілді оқырмандарға таратуды, насихаттауды ұйымдастырады.