ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІ ИСПАН ТІЛІНЕ АУДАРЫЛАДЫ
Мадридте Испания Мәдениет министрлігінің қолдауымен қазақ әдебиеті жинақтарын испан тіліне аудару, басып шығару және ілгерілету жобасының әлеуметті қатысушыларымен келіссөздер аяқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асырылатын осынау қазақстандық бастамаға Испанияның Мәдениет министрлігі стратегиялық серіктес болса, жоба кеңесшісі ретінде «Сервантес институты» бекітілген. Бірқатар ірі испандық басылымның ұсыныстарын қарап, сонымен қатар стратегиялық серіктестік ұсынысымен қазіргі қазақ әдебиетінің 2 антологиясын испан тіліне әдеби аудару, басып шығару және тарату бойынша жұмыстардың негізгі операторы ретінде «Visor-Libros» баспа үйі белгіленіп отыр.
Сәйкесінше меморандумға испан астанасындағы Қазақстан Елшілігінде қол қойылды. Құжатты «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі ұлттық комиссияның хатшысы Аида Балаева мен баспа үйінің президенті Хесус Гарсиа Санчес рәсімдеді. Шараға Қазақстанның Испаниядағы Елшісі Константин Жигалов пен «Ұлттық аударма бюросының» директоры Рауан Кенжеханұлы қатысты.
«Visor-Libros» шетелдік әдебиетпен жұмыс істейтін мамандандырылған баспа саналады. Баспа редакциясы әлемнің 10-нан астам елінің ақын-жазушыларының шығармаларын аудару, басып шығару және ілгерілетуде көп жылдық тәжірибеге ие. Сонымен қатар бұл баспа Латын Америкасы едері мен Солтүсік Американың испан тілді халықтарының арасында кеңінен танымал. Қазақстанмен ынтымақтастық аясында баспа Испаниядан тысқары жерде де қазақ әдеиетінің антологиясын таратуға қатысатын болады. Айта кетерлігі, испан тілі тек Испанияда ғана емес, сонымен қатар Латын Америкасының 18 елінің халқы үшін де ана тілі саналады. Бұл тілде әлемде 600 миллионнан астам адам сөйлейді.
Испандық баспагерлермен кездесу барысында Аида Балаева: «Біздер үшін испандық оқырманның жан-жүрегіне дейін жететіндей аударманың жоғары сапасын қамтамасыз ету маңызды. Шығармашылық ұжымдарымыздың бірлескен жұмысы қазақ пен испан мәдениетін одан ары жақындата түсуге, елдеріміз арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға көпір болады», - деді.
Қазіргі қазақ әдебиетін БҰҰ-ның 6 тіліне аудару жұмыстары «Жаһандық әлемдегі қазіргі қазақ мәдениеті» жобасы аясында жүзеге асырылуда. Жоба аясында қазіргі қазақ әдебиетінің екі антологиясы испан тіліне аударылатын болады. Олар: «Қазіргі қазақ поэзиясының антологиясы» мен «Қазіргі қазақ прозасының антологиясы». Әрбірі шамамен 500 беттен тұратын антологияларға 60 қазақстандық автордың шығармасы енгізілген.