ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТҮРКІ АКАДЕМИЯСЫ 2018 ЖЫЛДЫ «МАҒЖАН ЖЫЛЫ» ДЕП ЖАРИЯЛАДЫ
Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Түркі академиясының өкілдері мәлімдеді.
Түркі жұртына ортақ ақын Мағжан Жұмабаевтың туғанына 125 жыл толуына орай жоспарланып отырған аталған шара аясында ақын шығармаларын шет тілдерге аудару қолға алынды. Академияның ғылыми жоспары бойынша ақын шығармаларын өзбек тіліне белгілі ақын Музафар Ахмад, моңғол тіліне ақын-аудармашы Жүкел Хамай, алтай тіліне шығыстанушы ғалым, ақын Бронтай Бедюров, әзірбайжан тіліне Физули Меджидли аударма жұмыстарын бастады. Бұдан бөлек Мағжан шығармашылығын қырғыз және мажар тілдеріне аудару жоспарланған.
Жиында TWESCO басшысы Дархан Қыдырәлі мен Түркі кеңесі Ақсақалдар кеңесінің мүшесі Әділ Ахметов Түркі академиясының атқарылған жұмыстары және алдағы жоспарларымен бөлісті.
Әзірбайжан, Түркия, Қырғызстан және Қазақстан мемлекеттерінің ықпалымен құрылған академия 2016-2017 жылдары ағылшын, әзірбайжан, қазақ, қырғыз, мажар, моңғол, түрік тілдерінде 83 жаңа кітап басып шығарды. Оның 43-і 2016 жылы, ал 40-ы 2017 жылы жарық көрді. Түркі кітапханасының қоры 50 мыңнан астам көрсеткіше ие болды. Ал Академия жанындағы Түркі музейінде этнографиялық экспонаттар саны 700-ден артқан.
TWESCO 4 тілде «GLOBAl-Turk» пен «Алтаистика және түркология» атты ғылыми журналдар шығарып келеді. Бұл басылымдарды биыл халықаралық импакт-фактор жүйесіне қосуды жоспарлап отыр.
Академия Орталық Азия мемлекеттерінен басқа, Ресей, Қытай, АҚШ, Еуропа, Жапония, Оңтүстік Корея, Үндістан және басқа да мемлекеттердің ғалымдарымен, ғылыми ұйымдарымен тығыз байланыс орнатты.
Сонымен қоса, XV ғасырға дейінгі түркі тарихы «Ортақ түркі тарихы» оқулығы дайындалған «Ортақ түркі географиясы» мен «Ортақ түркі әдебиеті» оқулықтарының тұжырымдамалары әзірленіп, тараптардың талқысына жіберілді. Түркі академиясы фольклорлық және рухани-мәдениетке қатысты мұралар жинақталған «Аталар мирасы» атты электрондық мультимедиялық қор дайындады. 2018 жылдың 1 қаңтарында іске қосылған портал әрдайым өңделіп, толықтылырып тұрады.
Сөз барысында Дархан Қуандықұлы: «Биыл 30 сәуірде Академия Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында және ЮНЕСКО-ның «Мұраны сақтау, насихаттау және жалғастыру» стратегиялық міндетіне үлес қосу мақсатында ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде «Рухани жаңғыру және мұраны насихаттау: жойылу қаупіндегі түркі тілдері» атты халықаралық форум-фестиваль өткізуді жоспарлап отырмыз. Париждегі алқалы шараға әлемнің 16 мемлекетінен тілдері жойылу қаупіне ұшыраған халықтардың өкілдері қатысады деп күтілуде. Осы ретте айта кету керек, Академия Елбасының бастамасымен жойылу қаупіндегі түркі тілдері жөнінде бірнеше жобаны жүзеге асырып, арнайы экспедициялар жүргізген болатын. 2017 жылы әлемнің 26 елінен 130 белгілі ғалымның қатысуымен жарық көрген «Жойылу қаупіндегі түркі тілдері» атты төрттомдық еңбек жариялады» – деп баяндады.
Бүған қоса, академиялық ұжым қытай ғалымдарымен бірге сары ұйғыр тіліне арналған зерттеу еңбектерін шығарып, халықаралық конференция өткізуді жоспарлап отыр. Биылғы жылы ЮНЕСКО деңгейінде «Халықаралық түркі тілдері күнін» атап өту де жоспарда бар екені мәлім болды. Алдағы уақытта «Түркі әлемінің 100 тұғырлы тұлғасы» атты жоба ұйымдастырылмақ. Жоба барысында арнайы сайт арқылы халықаралық сауалнама жүргізіліп, ғылыми із қалдырған тұлғалар түгенделеді деп күтілуде.
Жыл сайынғы дәстүр бойынша «Ұлы дала» атты халықаралық гуманитарлық ғылымдар форумы маусым айына жоспарланып отыр.