ЖАУҺАР ЖЫРДЫҢ АСҚАРЫ
Қызылорда қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен Сыр саңлағы, сатирик ақын Асқар Тоқмағамбетовтің шығармашылығына арналған «Жауһар жырдың Асқары» атты облыстық жазба ақындар мүшәйрасы өтті.
Жыр мүшәйрасы басталмас бұрын қала әкімінің орынбасары Ш.Байманов, ақынның ұрпақтары және мүшәйраға қатысушы талапкерлер А.Тоқмағамбетов рухына тағзым етіп, ескерткішінің алдына гүл шоқтарын қойды.
Мемлекеттік тіл саясатын одан әрі жетілдіру, тіл мәдениетін көтеру, көркем әдебиетті насихаттауды жандандыру. Сыр саңлағы, қырғи тілді ақын А.Тоқмағамбетов шығармаларын жан-жақты насихаттау арқылы талантты жазба ақындардың шығармаларын көпшілікке танытуды көздеген мүшәйраға 15-30 жас аралығындағы 13 талапкер қатысып, өз өнерлерін көрсетті.
Мүшәйраға Қазақстан Жазушылар Одағы Қызылорда облыстық филиалының төрайымы, ақын Қаршыға Есімсейітова, «Әлімсақ» журналы мен «Ұстаз мәртебесі» газетінің бас редакторы, филология ғылымдарының кандидаты Нұрлан Көбегенұлы және халықаралық «Шабыт» фестивалінің жүлдегері, ақын Назгүл Бердіқожақызы қазылық етіп, үміткерлердің шығармаларын бағалау кезінде шығарманың тақырыпты ашуына, буын, бунақ, ұйқас заңдылықтарының сақталуына, сахна мәдениетіне мән берді.
Осы талаптарға сай бас жүлдені Сырдария ауданынан келген Ақтөре Ибрагимұлы, І орынды шиелілік жас Бекжан Ержігіт, ІІ орынды Арал ауданынан қатысқан талапкер Алтынбек Қыстаубаев, ІІІ орынды Сырдария ауданының ақыны Сұлтанбейбарыс Бақытбек иеленді. Сонымен қатар, «Өткір тілді» номинациясымен жаңақорғандық Мадияр Оспанов, «Ұшқыр қиял» аталымымен Шиелі ауданынан қатысқан талапкер Гүлмира Жусанбаева марапатталды.