ЖАС АҚЫНДАР БАБА ЕРЛІГІН ЖЫРҒА ҚОСТЫ
Қазалы ауданындағы Басықара ауылдық клубының ұйымдастыруымен Басықара Құрманұлының 260 жылдық мерейтойы аясында «Жүйріктің аты шықпас озбай көпте» атты жазба ақындар мүшәйрасы өткізілді.
Аудан бойынша барлығы 11 талапкер қатысты. Жастар арасында өткен жыр додасына аудандық білім бөлімінің әдіскері Ұлан Қалиев, аудандық «Қазалы» газетінің меншікті тілшісі Есет Табынбаев, №182 орта мектептің мұғалімі,ҚР Білім беру ісінің үздігі Мұхтар Сәлмен қазылық жасады.
Байқауда қазылар алқасының шешімі бойынша Мұратбаев ауылынан келген Мереке Меңдібаева мүшәйраның бас жүлдегері атанды. Ақтан батыр ауылынан қатысқан Ақжол Түменбай 1-орын иеленсе, Басықара ауылының жас ақыны Жеңісбек Нұрдәулет пен өркендеулік Болатбек Рсалиев екінші орын жүлдесін алды. Ал мүшәйраға Қазалы қаласынан келіп қатысқан Жазира Қошмаханова мен Қ.Пірімов ауылынан келген Гүлбарам Жауғашарова үшінші орынға табан тіреді.
Сонымен қатар Гүлнұр Ұлықбан, Аяулым Қабылова, Айгүл Қалжанова, Мейрамбек Жанқулов, Нұрзат Ізатулла сынды талапты жастарға ынталандыру сыйлықтары беріліп, алғыс хаттармен марапатталды.