ҚАЗАЛЫДА БАСЫҚАРА БАТЫРДЫҢ 260 ЖЫЛДЫҚ МЕРЕЙТОЙЫ КЕҢ АУҚЫМДА ТОЙЛАНДЫ
Салтанатты іс-шара баба есімімен аталатын Басықара батыр ауылында өтті. Мерейтойға жиналған қонақтар мен ауыл тұрғындары алдымен балалардың ойын және спорт алаңымен танысты. Жаңа алаңда жастар үшін волейбол, футбол, теннис ойындары мен балалардың ойын жабдықтары бар.
Ауыл жастары атынан Еркемай Байғали ел ағаларына алғысын білдірді.
Мен көпбалалы отбасынанмын. Биыл облыс әкімінің тағайындаған арнайы грантын иеленіп, қазір Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде «Музыкалық білім» мамандығы бойынша білім алудамын. Бүгін мен үшін ерекше қуанышты күн. Ауыл жастарының спортпен айналысуына қолайлы жағдай туып отыр,– деді ол. Содан кейін қонақтар Басықара бабаның 260 жылдығына орай футболдан өтіп жатқан аймақтық жарысқа қатысушы спортшылармен кездесті.
Осы күні баба аллеясынан Басықара батырдың ескерткіш-белгісі ашылды. Белгіні ашу рәсімінде «Нұр Отан» партиясы Қызылорда облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ибадулла Құттықожаев, аудан әкімі Нажмадин Шамұратов, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ш.Сейтекенов ықылас гүлін қойды.
Мерейтой жаңадан салынған орталық алаңда жалғасты. Шара театрландырылған көрініспен басталды. Онда жергілікті өнерпаздар аумалы-төкпелі заманда ғұмыр кешіп, әділдіктен аттамай өткен, қазақ жерінің тұтастығы жолында жан алысып, жан беріскен би әрі батыр Басықара Құрманұлының өмірінен үзінділер көрсетті.
Салтанатты шарада «Нұр Отан» партиясы Қызылорда облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ибадулла Құттықожаев облыс әкімінің құттықтауын жеткізді.
Бабаларға құрмет көрсетіп, рухын ұлықтау арқылы ел бірлігін арттырып, азаматтардың рухани көкжиегінің асқақтай беруіне жағдай жасадық. Бұл көріністі бір Қазалы ауданындағы атқарылып жатқанжұмыстардан-ақ байқауға болады, - деді Ибадулла Дүйсенбайұлы.
Орталық алаңда ардагер ұстаз Қадірбек Бекетовтің Басықара баба кітабының тұкаукесер рәсімі өтіп, оқушыларға табысталды.
Сонымен қатар, осы күні Басықара бабаның 260 жылдығына арналған «Жүйріктің аты шықпас озбай көпте» аудандық жазба ақындар мүшәйрасы, «Уақыт.Тарих.Тағзым» атты облыстық шежірешілер байқауы, мерекелік гала-концерт өтті.
Арнайы тігілген киіз үйлерде батыр баба рухына арналған ас берілді.