ҚАЗАЛЫ АУДАНЫНДАҒЫ №216 МЕКТЕП 50 ЖЫЛДЫҚ МЕРЕЙТОЙЫН АТАП ӨТТІ
Қазалыда Қ.Сәтбаев атындағы №216 орта мектеп өзінің іргетасы қаланғанына 50 жыл толуын атап өтті. Білім ордасының іргетасы Қазалы аудандық советі атқару комитетінің шешімімен 1966 жылы қаланған болатын.
Мерейтойға арналған салтанатты шараға аудан әкімі Нажмадин Шамұратов қатысып, ұлтымыздың біртуар азаматы, ғұлама ғалым Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың есімін иеленген қара шаңырақ жарты ғасырлық тарихында терең де тағылымды тарихи жолдан өтіп, биік белестерді бағындырғанын, бұл жолда мектептегі сапалы білімнің негізін қалаған білікті мұғалімдер, Қазақ ССР-на еңбегі сіңген ұстаздар Әбжәли Айбосынов, Гүлжахан Шалболова, Ұлдай Иппатуровалардың еңбегі айрықша екендігін айтты. «Мен де осы мектептің түлегімін. Сол себепті мектептің тарихы маған жақсы таныс. Әрдайым осы мектептің түлегіміз деп қанатымызды қомдап, қайда жүрсек те қуаныш сезімі кеудемізді кернеп айта жүреміз. Талайлардың бағын ашқан алтын ұямыз бен асыл ұстаздарымызды әрдайым мақтаныш етеміз. Сондықтан білім бәсекесінде тек аудандық деңгейде ғана емес, облыстық көлемде зор маңызға ие мектептің 50 жылдық мерейтойы – ортақ қуанышымыз» - деді аудан басшысы.
Шара барысында облыстық білім басқармасының басшысы Б.Сайлыбаев бастаған қонақтар жас ұландарға галстук тақты. Білім ордасының 50 жылдығына орай шығарылған «Ұлағат ұясы» атты кітаптың тұсаукесері өтіп, мектептің бұрынғы түлектеріне табысталды.
Мерейтойға арнайы шақырылған ардагер ұстаздар, мектептің бұрынғы түлектері білім ұясының қазіргі жетістіктеріне куә болып, қуанышқа кенелді. Биыл аталмыш мектептің қосымша құрылысы жүргізіліп, жаңа оқу жылы қарсаңында пайдалануға берілген болатын. Жаңа корпуста спорт зал, асхана, шеберхана салынып, қазір ұстаздар мен оқушылар игілігін көруде. Мерейтой қонақтары осы жаңа ғимараттармен танысып, класс бөлмелерін аралады. ҚР білім беру ісінің үздігі Г.Аблакиева атындағы математика кабинетінің ашылуына куә болды.
«Ағаш жапырағымен, адам ұрпағымен, ал ұстаз шәкіртімен көрікті» деген. Осы мектептен білім нәрін алып, көктеген талай жас шыбықтың тамыры тереңдеп еменге айналғанына Қазалы елі түгел куә. 50 жылда талай ұрпақ білім алып, тәрбие көріп, болашаққа қадам басты. Берісі – аудан, облыс, әрісі республиканың экономикасы мен мәдениетіне үлестерін қосуда. Солардың ішінде аға буын өкілдері, мектептің алғашқы медалистерінің бірі Ермағанбет Жұбатқанов, прокурор Серікбай Ерімбетов, биология ғылымдарының докторы Амангелді Бисенбаев, техника ғылымдарының докторы Төлеген Аманбаев, мемлекеттік қызметші Мұрат Имандосов, қаржыгер Сәлима Базарова, «Сыр маржаны» ЖШС директоры Мінажадин Өтеев, құрылысшы Жадырасын Сәдуақасовтардың еңбек жолдары бүгінгі ұрпаққа өшпес өнеге.
Шара аясында еліміздің түкпір-түкпіріне жиналған түлектер Жанқожа батыр мешітінде құран бағыштап, Қазалының көрікті жерлерін аралады. Мерейтой 80-ші жыл әуендерімен ұйымдастырылған би кешіне жалғасты.