АРҚАЛЫ АҚЫН РУХЫНА АРНАЛҒАН АУҚЫМДЫ ШАРА
Қазалы ауданында облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени-продюсерлік орталығының қолдауымен аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі, аудандық мәдениет орталығының ұйымдастыруымен Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, ақын Жетіскен Мәкеналының 65 жылдығына орай "Тағдырмен тілдесу" атты еске алу кеші өткізілді. Шараны аудан әкімі Мұрат Ергешбаев ашып, Сыр өңірінің мәдениеті мен өнеріне өзіндік қолтаңбасын қалдырған қарымды қалам иесі жайында сыр шертіп, өмірін өнеге етті және сынға түсетін ақындарға шабыт тіледі.
Осыдан соң аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Оразғали Бекбанов, "Сыр маржаны" ЖШС директоры Мінажадин Өтеев және ақынның жары Марияш Марданқызы сөз алып, ақынның "Нұрлы ғұмыр" кітабының тұсаукесер рәсімін жасады.
Сондай-ақ, шара барысында Жетіскен Мәкеналының өлеңдері оқылып, ақын сөзіне жазылған әндер шырқалды. Кеш кейіпкері туралы естеліктер айтылып, өмір жолы мен шығармашылығы және оның артына қалдырған мол мұрасы жайында пікірлер ортаға салынды.
Мәдени шараның екінші бөлімі облыстық ақындар мүшәйрасына ұласты. Жыр додасына аудан бойынша 15-40 жас аралығындағы 20-ға жуық талапкер қатысып, олар ақынның поэзияда алатын орнын, суреткерлік бейнесін, қаламгерлік шеберлігін танытатын туындыларын оқудан сайысты. Сайыс шарты бойынша ақындар екі өлеңін бәйгеге салды. Оның бірі ақынға арнау өлең болса, екіншісі еркін тақырыпта болды. Қазылар алқасының құрамындағы Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, ақын Оңталап Нұрмаханов, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, ақын Толыбай Абылаев, Қазақстан Жазушылар Одағының облыстық филиалының жетекшісі, ақын Қаршыға Есімсейітова сайыскерлердің саумал жырларын сарапқа салды. Өлеңнің идеялық мазмұнына және көркемдік деңгейіне, сөз қолданысына, өлең құрылысына, ұйқасына, ой жүйелілігі мен тереңдігіне, тақырыптың ашылуына жіті мән берілді.
Қорытындысында бас жүлдені аралдық Биболат Сәтжанов жеңіп алса, бірінші орынды Қызылорда қаласынан қатысқан Айғаным Құрмашева иеленді. Екінші орынды қазалылық Ұлықбек Тәңірбергенов және шиелілік Бекжан Ержігіт, үшінші орынды Сырдария ауданынан Айтмағанбет Темірханов, Қызылорда қаласынан Айдар Сайлауов, Қазалы ауданынан Ақжол Түменбаев өзара бөлісті.