ҚАЗАЛЫЛЫҚТАР АҚЫН РУХЫНА ҚҰРМЕТ ТАНЫТТЫ
Қазалы ауданында белгілі журналист, Қазақстан және Халықаралық Жазушылар одағының мүшесі, ҚР мәдениет қайраткері, ақын Жетіскен Мәкеналының 65 жылдығына арналған салтанатты шара өтті.
Шараға арнайы қатысқан аудан әкімі Мұрат Ергешбаев ақынның ауданның ғана емес, Сыр өңірінің рухани-мәдени және қоғамдық-саяси өмірінде өзіндік дара қолтаңбасы қалған тұлға екендігін, бүгінгі күні оның шығармалары өскелең ұрпаққа тағылымы мол мұра болып қалғандығын айтты.
Мұнан соң Жетіскен Мәкеналының 65 жылдығына орай шығарылған «Нұрлы ғұмыр» атты кітаптың тұсаукесері өтіп, оқырмандарға тарту етілді.
Шара барысында замандастары, зиялы қауым өкілдері ойлы естеліктер айтып, ақынның сөзіне жазылған әндер орындалды.
Айта кетейік, Жетіскен Мәкеналы алғаш еңбек жолын медицина саласынан бастап, кейіннен мәдениет пен әдебиет саласында қызмет етеді. Сондай-ақ өлке тарихын зерттеуде де көп еңбек етіп, «Ортаймаған қазаны – Қасиетті Қазалы», «Асандар көтерілісі», «Тамыры терең, тарихы кенен – Қазалы», «Ғани тағылымы» жинақтарын құрастырады. «Нұрбай би», «Ел мен Ер» прозалық кітаптары мен «ХХІ ғасырға аманат», «Тағдырмен тілдесу» атты жыр жинақтарын жарыққа шығарады.