ДЕНСАУЛЫҚ САЛАСЫ ЖАҢҒЫРМАҚ
Қазіргі таңда, медициналық көмек көрсетуде облыс тұрғындарын электронды төлқұжаттармен қамту 95,6% құрап отыр.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында өткен баспасөз – конференциясында облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Баян Бурамбаева мәлімдеді.
«Электронды денсаулық төлқұжатының көмегімен дәрігерлер пациенттің денсаулық жағдайы, оның анамнезі, созылмалы аурулары, препараттарды қабылдау аллергиясы туралы толық ақпаратқа қол жеткізе алады. Көмек көрсету жері мен медициналық ұйымдарда пайдаланатын ақпарат жүйесіне қарамастан адам денсаулығы туралы барлық түйінді мәліметтер бір базада жиналады. Нәтижесінде пациентке дәрігерге баруды алдын ала жоспарлау, электрондық жолдамалар мен талдау нәтижелерінің есебінен дәрігерге барудың санын 2 есе қысқарту, дәрігердің пациенттің денсаулығы туралы ақпаратты бір жерге жинақтау және дәрігерлер мен орташа медицина персоналының еңбегін оңтайландыруға мүмкіндік береді», - деді Б. Бурамбаева.
Сондай-ақ, баспасөз – конференциясы барысында облыстық онкология орталығы директорының орынбасары Жандос Әділхан өз саласында атқарылып жатқан жұмыс барысымен алдағы жоспарларды баяндады.
«Жолдауда көрсетілгендей, облыста онкологиялық қызметті жетілдіру мақсатында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Қазіргі таңда Қызылорда қаласының солжағалауында салынуға жоспарланған онкологиялық профильді көпсалалы 300 төсек орындық аурухананың жобалық сметалық құжаттамасын әзірлеуге 150,5 млн. теңге қаржы бөлініп, жыл соңына дейін жұмыс жобасына мемлекеттік сараптама қорытындысы алынатын болады. Облыста онкологиялық аурулардың алдын алу, оларды емдеуде көптеген тың тәсілдер енгізіліп отыр. Өздеріңізге белгілі, 2016 жылы онкологиялық орталықта паллиативтті көмек көрсететін бөлімше, 2018 жылы диагностикалық палаталар ашылды. Диагностикалық палаталар арқылы қысқа уақытта күмәнді онкологиялық ауруларды анықтауға қол жетсе, паллиативті көмек ІҮ сатыдағы онкологиялық сырқаттардың толық ем алуына жағдай туғызды.
Сонымен қатар, биыл аймақ басшысының қолдауымен облыстық онкология орталығы Корея елінің жетекші клиникаларымен меморандумға отырды. Жыл бойына Корея елінің профессорлар мен білікті дәрігерлері, облысымызға келіп, науқастарды қарап, оталар жасаса, зертханалық тұрғыда да тәжірибе бөлісті», - деді Ж. Қойшыбайұлы.