ЕЛ ИГІЛІГІНЕ ЕҢБЕК ЕТУДЕ
Туған жердің қадір-қасиетіне жету, оның әрбір төбесі мен қырын сүю кез-келгеннің қолынан келе бергенімен, оның дамуына ықпал жасау барлық адамның қолынан келе бермесі анық. Сөзі мен ісі сәйкес келу, әсіресе, нағыз ер азаматтың ісі емес пе?! Ел игілігі үшін жан салып жұмыс жасап, ауылдастарының тұрмысын түлетуге септігін тигізіп жүрген Жалағаш ауданы, Таң ауылының тумасы Имамзада Шағыртаев.
Ол «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған республикалық «Жомарт жүрек» байқауы бойынша Жалағаш ауданының жеңімпаздары қатарында «Жыл меценаты» номинациясына ие болған.
Қызылорда облыстық мәслихатының депутаты, «Таң ЛТД» ЖШС-нің төрағасы Имамзада Шағыртаевтың өз ауылдастарына көрсеткен көмегі аз емес. Атап айтар болсақ, мемлекеттік жекеменшік әріптестік аясында ауыл орталығындағы ескі балабақша ғимаратын күрделі жөндеуден өткізген. Қазіргі таңда ауыл тұрғындары заман талабына сай «Таң бөбегі» бөбекжайын пайдаланып келеді. Сонымен қатар ауылдағы екі ескі ғимарат күрделі жөндеуден өткізіліп, жыл соңына дейін спорт кешенін ашу жоспарланып отыр. Оған қоса, тәулігіне 100 тонна күріш ақтау зауыты құрылысы бітуге жақын, алдағы уақытта іске қосылады деп күтілуде. Таң ауылының көркейіп-көгалдануына үлес қосып, орталық алаңды абаттандыруға көмек көрсеткен. Бұл атқарылған жұмыстар депутат Имамзада Қуанышбайұлының игі істерінің бір парасы ғана.
Ол «ҚР-ның Тәуелсіздігіне 10 жыл», «ҚР-ның Тәуелсіздігіне 20 жыл», «Ерең еңбегі үшін» медальдарымен, облыс әкімінің «Құрмет» грамотасымен, аудан әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталған.
Имамзада Шағыртаев Жамбыл гидромилоративтік құрылыс институтын инженер-механик мамандығы бойынша бітірген. Жас маман Таң совхозында механик, Жалағаш аудандық «Асар» ассоциациясында инженер-механик, Таң ауылдық округінің әкімі қызметтерін атқарып, 2003 жылдан осы уақытқа дейін «Таң ЛТД» ЖШС директоры қызметінде.