Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » БИЕНІҢ СҮТІ – САРЫ БАЛ, ҚЫМЫЗДАН АСҚАН ДӘМ БАР МА?

БИЕНІҢ СҮТІ – САРЫ БАЛ, ҚЫМЫЗДАН АСҚАН ДӘМ БАР МА?


Атакәсіп ризықсыз қалдырмайды. Жыл он екі ай бие ұстап, кәсібін дамытқан бүгінгінің іскер азаматы Пернебек Аханов осылай дейді. Кәсіпкер 12 жылдан бері аудан тұрғындары мен қонақтарына дертке дауа, емге шипа сусын қымыз бен саумал ұсынып келеді. Қазақтың «Сауын саусаң бие сау, боз қырау түспей, суалмас» тәмсілін тірлігіне ұстын еткен. Осындайда, көмейінен жыры түгесілмеген Ақтамбердінің:
Арудан асқан жан бар ма?
Жылқыдан асқан мал бар ма?
Биенің сүті – сары бал,
Қымыздан асқан дәм бар ма?–деген жолдары ойыңа орала береді.
Иә, біз тақырыпқа арқау етіп отырған қожалық бие байлап, саумал сауып, кәсіп етіп отырған «Жайсаңбаевтар» шаруа қожалығы. Шаруаның басы сол 2006 жылдан басталыпты. Жөлек ауылының азаматы Пернебек Ахановтың иелігінде бүгінде 800 бас жылқы бар. Қожалық төрағасына қанға сіңген кәсібімен айналысу үшін біраз тер төгуге тура келді.
– Бала кезімізде үлкендер жағы жайлауға жол түсе қалса, үйір-үйір жылқыны, көгенде байлаулы құлындарды көріп: «Құлын байлап, бие сауған берекелі үй екен, соғып қымыз ішелік», – деп ат басын бұрып, сәлем беріп, әңгіме-дүкен құра отырып, сусын қандыратын. Ал, қазір ауылдағы сол бір жақсы салт көмескіленіп, жылқы ұстап отырса да, бие сауып, қымыз ішпейтін халге жеткеніміз өкінішті. Осы олқылықтың орнын толтырып, елге, халыққа, ұрпақ денсаулығының нығаюына қолдан келгенше өз үлесімді қоссам деген мұраттан туған ой болатын бұл бастапқыда. Аллаға шүкір дейміз. Жұмысымыз жанданып келеді, – дейді П.Аханов. Қыстың көбесі сөгіліп, жаздан хабар келгенде 100-дей бие сауып, күніне өздерінен артылған 60-70 литр саумалды аудан орталығына өткізеді.
Әулетінен өзге төрт отбасын жұмыспен қамтып отырған кейіпкеріміз:
– Қазір жұрт ауырмаудың жолын іздейді. Саумал – сал ауруларына, жүрек пен асқазан жарасына, бауыр мен өкпе ауруларына мың да бір шипа. Буын мен қаназдық дертіне де дауа. Білетін шығарсыздар, бие сүтінің қасиеті – оның табиғаттағы ешбір сүтке ұқсамайтындығында. Ол қайнатуға келмейді. Ал, басқа сүтті міндетті түрде қайнатамыз. Бие сүті қайнатсаңыз бұзылып, ал, шикілей сақтасаңыз тұрған сайын маңызы арта береді. Дәрігерден шаршаған жандар көбіне жанына дауаны нақ осы ұлттық сусыннан іздейді. Әрине, бұл қуанарлық жайт. Мүмкіндік болса, қазағымның әр шаңырағында бір-екі бие сауғанға не жетсін? – деді өз ойын жасырмай.
«Жүз биені күніне төрт рет сауатын қожалықтың сауыншылары қалай үлгереді?» деген сұрақтың туындауы заңдылық. Сөйтсек, оның да ебін тапқан кәсіпкер бір сәтте 7-8 биені сауатын темір құрылғымен жұмыс жасайтындығын алға тартты. Яғни, бие сауу автоматтандырылған. Ауыл шаруашылығында жеңіл келетін пайда жоғын білеміз. Тіпті, көп жұмысты автомат атқарады дегеннің өзінде де, өнімнің қандай болмағы, сапасы адамға байланысты. Пернебек сынды маңдай терін сыпырып еңбек етіп, бие сүтінің бапты, тұтынушыға жағымды болуын ұдайы қадағалайтын өндірушінің өнімі, әрине, осал болмайды.
Осылайша, жұмысының оябын таба білген П.Аханов малының жем-шөбін де өзі дайындап алатындығын білдік. Бұл ретте, иелігіндегі екі тракторы пайдасына асып-ақ тұрған көрінеді. Бүгінде кәсіпкерлерге мол мүмкіндіктер жасалып жатқандығына ризашылығын жеткізген қожалық төрағасы тек кәсібін кеңейтіп, жасалған жоспарын жүзеге асыру үшін жер ала алмай отырғандығын жасыра алмады. Қожалық тек саумал күйінде ғана дайындап, белгілі орындарға апарады. Ата кәсіпті азық еткен азаматтың бұл базынасы да орындалар күн алыс емес деп топшыладық біздер. Өйткені, нақ біздің облысымызда алдағы жылдар кәсіпкерлікті қолдау жылы болып отыр емс пе? Сондықтан да, жөлектік «Жайсаңбаевтар» шаруа қожалығының өз қымызын ішетін күн де алыс еместігіне сеніміміз мол.
Бие ұстап, қымыз баптағаннан мал бордақылағанды жөн санайтын кей азаматтарға айтарымыз бар. Сөз басында айтқанымыздай, ұлттық сусынымыздың адам денсаулығына пайдасы шаш-етектен. Ата кәсіптен ажырамай, арнасын ашып, қолда бар мүмкіндіктерді пайдалана отырып, нақ осы істі қолдағанымыз, жандандырғанымыз абзал. Өйткені, саумал мен сары қымыздың ұлт саулығында да, ұрпақ салауаттылығында да теңдессіз сусын екені хақ.

Дина ЖҮСІПОВА.
29 қазан 2018 ж. 1 258 0

Біздің басылымдар

Сыр бойы
Кызылординские вести
Kyzylorda-News
Ақмешіт апталығы
Ақмешіт жастары
Өскен өңір
Тіршілік тынысы
Қазалы
Толқын
Қармақшы таңы
Жаңақорған тынысы
Жалағаш жаршысы

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области