Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » БАЛА ҚАУІПСІЗДІГІ БӘРІНЕН ҚЫМБАТ

БАЛА ҚАУІПСІЗДІГІ БӘРІНЕН ҚЫМБАТ

Кеше облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен мәжіліс өтіп, онда төрт мәселе қаралды, - деп хабарлайды syrboyi.kz .
Мәжілісте аймақ басшысы алдымен облыстық ардагерлер кеңесінің жаңа төрағасын таныстырды.
–Облыстық ардагерлер кеңесінің қаулысымен Қызылорда облысының ардагерлер кеңесінің төрағасы болып Серік Әбішұлы Дүйсенбаев сайланды. Серік Әбішұлы еңбек жолын «Казсельхозтехника» Шиелі аудандық бірлестігінің слесарі болып бастап, бірқатар лауазымды қызмет атқарды. 2008-2013 жылдары Қосшыңырау ауылдық округінің әкімі, 2013-2016 жылдары қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы, 2017 жылдан бастап қалалық Қоғамдық кеңесінің төрағасы. Жаңа қызметінде де сәттілік тілейміз,– деді облыс әкімі.
Онан соң «2019 жылға арналған облыстың даму жобалары туралы» облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұрғали Қордабай баяндады.
Белгілі болғанындай, 2019-2021 жылдарға арналған республикалық бюджеттен қаржыландырылатын басымды инвестициялық жобалардың көлемін белгілеу мақсатында облыс бойынша 2019 жылға 54,6 млрд теңгені құрайтын 122 жоба ұсынылған. Соның 32-сі өтпелі, ол 17,2 млрд теңгені құрайды, қалғаны жаңа жобалар. Оның 52-сі қолдау тапса, 7-і қолдау таппаған. Қолдау тапқан инвестициялық жобалар қатарында, білім саласы бойынша – 1, денсаулық саласында 2 жоба, құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы бойынша 20 жоба, Арал ауданы бойынша 1, Қазалы ауданынан – 4, Қармақшыдан – 1, Сырдария ауданынан – 3, Жаңақорғаннан – 1, Шиелі ауданынан – 3, Қызылорда қаласы бойынша 7 жоба бар. Сонымен қатар, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасынан 6,9 млрд теңгеге 16 жоба қолдау тапқан. Қолдау таппаған жобалар да сараланып, нақтыланды.
Екінші, мектепке дейінгі және жалпы орта білім беру жүйесіндегі кейбір мәселелер туралы облыстық білім басқармасының басшысы Майра Мелдебекова мәлімдеді.
Елбасы Жолдауында мектепке дейінгі білім беру сапасын түбегейлі жақсарту тапсырылғаны белгілі. Айта кету керек, облыста балабақшалар желісі қалыптасқан. 3-6 жас аралығындағы бүлдіршіндердің мектепке дейінгі білім беру­мен қамтылуы 100 процентті құрайды. Өңірдегі балабақшаларда 6964 педагог жұмыс жасайды, оның 48,2 проценті мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту мамандары. Ал жекеменшік балабақшаларда бұл көрсеткіш екі есе төмен. Бұл мәселе бұған дейін де көтерілген. Биыл 566 педагог біліктілігін арттырса, келер жылы 960-ын оқыту жоспарлануда. Осы орайда басқарма басшысы мектепке дейінгі білім мен тәрбие беруге қатысты Жолдаудағы тапсырмаларды жүзеге асыру мақсатында арнайы Жол картасының әзірленіп жатқанын жеткізді.
Сонымен бірге, білім беру мекемелерін бейнебақылау жүйесімен қамтамасыз ету бойынша да бірқатар жұмыстардың қолға алынған. Өңірде 662 балабақшаның 241-де, яғни, 36,4 процентінде, мектептердің 87 процентінде бейнебақылау камералары орнатылған. Дегенмен, олар білім беру мекемелерінің барлық бөлігін қамтымайды, негізінен сыртқы бөлігінде орналасқан. Осы орайда басқарма басшысы білім беру мекемелерін бейнебақылау жүйесімен толықтай қамтуға 92 млн теңге қажеттігін алға тартты.
Осы орайда облыс әкімі бейне-бақылау жүйесімен қамтудың, тәрбиешілердің біліктілігін көтерудің, білім сапасының маңыздылығын атап өтті.
– Бізде балабақшамен 100 процент қамтылғанымен, жеке балабақшалардың сапасы сын көтермейді. Екі мыңнан астам тәрбиешінің білім сапасы талапқа сай емес. Соңғы кезде әлеуметтік желілерде балабақшаларда балаларды аяусыз ұрып-соғу көріністері жиі салынып жүр. Мұндай жағдай біздің өңірде болған жоқ, бірақ алдын алуымыз қажет. Балабақшалардағы тәрбиешілердің біліктілік деңгейіне, баламен жұмыс жасау қабілетіне аса мән беруіміз керек. Ішкі мәдениеті төмен, баламен жұмыс істей алмайтын тәрбиешілер баламен жұмыс жасамауы керек. Сонымен бірге білім беру мекемелерінде өрт қауіпсіздігін сақтауға, басқа да қауіпсіздік шараларына қатаң көңіл бөлетін кез жетті. Ресейдегі жағдайды өздеріңіз білесіздер, колледж студенті қару алып, қаншама жасты қырып салды. Бетін әрі қылсын, бірақ ойланатын жағдай. Мұндай келеңсіздіктің алдын алуымыз қажет. Егінді де егеміз, құрылысты да саламыз, өндірісті де жүргіземіз. Алайда, ұрпағымызға дұрыс тәрбие бере алмасақ, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ете алмасақ, бұл еңбегіміздің бәрі еш кеткені,– деп облыс әкімі тиісті сала басшыларына бірқатар нақты тапсырма жүктеді.
Мәжілісте сондай-ақ, агроөнеркәсіп кешенінің кейбір мәселелері жөнінде облыс әкімінің орынбасары Серік Қожаниязов, облыс бойынша пайдалануға берілетін жалпы құрылыс нысандары мен тұрғын үй құрылысының мәселелері туралы облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Мұхамедиса Әлсеріков хабарлама жасады.

30 қазан 2018 ж. 577 0

Біздің басылымдар

Сыр бойы
Кызылординские вести
Kyzylorda-News
Ақмешіт апталығы
Ақмешіт жастары
Өскен өңір
Тіршілік тынысы
Қазалы
Толқын
Қармақшы таңы
Жаңақорған тынысы
Жалағаш жаршысы

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031 
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области