ЕТ ӨҢДЕУ ЦЕХЫН АШУ ЖОСПАРЛАНУДА
Үстіміздегі жылы Республиканың бірнеше аймақтарында жануарлардың аса қауіпті жұқпалы ауруларының ошақтары тіркелуде. Облыста мұндай жағдайларды болдырмау, алдын алу мақсатында тиісті жұмыстардың нақты, уақытылы жүргізілуі қатаң бақылауға алынған. Өңірлік коммуникация қызметінде өткен брифингте облыстық ветеринария басқармасының басшысы Ерсұлтан Әпетов осы жұмыстар нәтижесінде облыста эпизоотиялық жағдай тұрақтанғанын хабарлады.
Осы жылы аса қауіпті 14 түрлі жұқпалы ауруға қарсы бөлінген вакциналар облысқа толық жеткізілді және АШМ-мен бекітілген қадамдық іс-шара жоспарына сәйкес алдын ала егу жұмыстары жүргізілуде.
Сарып індетіне қарсы диагностикалық тексеру нәтижесінде ауру 76 бас МІҚ, 204 бас уақ мал анықталды. Осы ауру малдар ветеринариялық-санитариялық ережелерге сәйкес Оңтүстік Қазақстан облысына тасымалданып санитарлық сойылуда.
Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес 2018 жылдан бастап ауру малдарды бір жерден ветеринариялық-санитариялық сою мақсатында Қызылорда қаласындағы "Сұңқар Ко" ЖШС-гі «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы аясында "Етті қайта өңдеу" цехын ашуды жоспарлап отыр. Бұл өз кезегінде ауру малдарды жыл бойы көрші Оңтүстік Қазақстан облысына тасымалдамай (жол шығынын үнемдеу, шұғыл санитарлық сою), өз облысымызда етті қайта өңдеу жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік туады. Аталған нысан іске қосылған жағдайда 22 адам жұмыспен қамтылатын болады, – деді басқарма басшысы.
Айта кету қажет, «Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» аясында 2019 жылдан бастап құлақ жапсырмаларын мемлекеттік сатып алу жергілікті атқарушы органдарға берілетін болды.