Қорқыт ата мұрасы ЮНЕСКО-ның мәдени мұралар тізіміне енгізілді
26 қараша – 1 желтоқсан аралығында Порт-Луи қаласында (Маврикий Республикасы) өтіп жатқан ЮНЕСКО-ның 13-сессиясында Қорқыт Ата мұрасын адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының Репрезентативтік тізіміне енгізу туралы шешім қабылданды, деп хабарлайды Kyzylorda-news.kz облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сессия жұмысына әлемнің 217 елінің өкілдері, оның ішінде Қызылорда облысының мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Жанат Құрамысова мен қобызшы, Қорқыт күйін орындаушы, Қызылорда облыстық филармониясының әртісі Мақсат Мұхамеджан қатысқан.
"Шығыс Африка еліндегі Маврикий Республикасында 217 мемлекет қатысып жатқан ЮНЕСКО-ның 13-сессиясында "Қорқыт Ата мұрасы" көпұлттық номинациясы қолдау тауып, бүкіл әлемге танылды. Бүгінде ЮНЕСКО-ның материалдық емес мұрасының 377 элементінің 8-і қазақстандық және Қорқыт Ата мұраларының енуі - бұл тек Сыр елінің ғана емес, бүкіл Тәуелсіз Қазақстанның мерей-мәртебесі. Біздің міндетіміз – Қорқыт ата мұраларын халықаралық дәрежеде насихаттау",-деді облыс әкімі Қ.Көшербаев мәдени-тарихи мұраны қорғау жөніндегі ғылыми-әдістемелік кеңес отырысында.
Қорқыт Ата мұрасын ЮНЕСКО тізіміне енгізу жұмыстары 2014 жылы басталып, осы мәселе бойынша бірқатар кездесулер өткізілді. Сондай-ақ, 2016-2017 жылдары Қызылорда қаласында ЮНЕСКО және ИСЕСКО (білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі Ислам ұйымының) көшпелі отырыстары өтті. Ал 2017 жылдың ақпанында Қазақстан, Әзірбайжан, Қырғызстан, Түркия өкілдерінің және Халықаралық Түркі академиясының қатысуымен сараптамалық кездесу ұйымдастырылды. Бұл Қазақстан, Әзірбайжан және Түркияның бірлескен жұмысы, оның аясында Қазақстан Қорқыт Ата күйлерін қарауға ұсынған болатын.
ЮНЕСКО-ның анықтамасы бойынша "жанды мұра" деп аталатын материалдық емес мәдени мұра қоғамның ұрпақтан ұрпаққа қалатын әдет-ғұрыптарын, дүниетанымы мен көзқарасын, білімі мен дағдыларын қамтиды. Адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының Репрезентативтік тізімін құрудағы мақсат түрлі қауымдардың дәстүрлі білімі мен дәстүрлеріне назар аудару болып табылады.
Естеріңізге сала кетейік, Қызылорда облысы, Қармақшы ауданында 1980 жылдары Түркі әлеміне ортақ тұғырлы тұлғасы Қорқыт Атаның құрметіне мемориалдық кешен салынды. 2014 жылы ҚР Президенті Н. Назарбаевтың тапсырмасы бойынша кешенге қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, қосымша жаңа құрылыс нысандары салынды. Жыл сайын оған таяу және алыс шетелдерден 13 мың турист келеді. Мемориалдық кешен "Батыс Еуропа - Батыс Қытай" халықаралық автомагистралінің бойында Қызылорда қаласынан 200 шақырым жерде орналасқан.
Айта кетейік, Қызылорда облысында Қорқыт Ата атауы Қызылорда мемлекеттік университетіне, әуежайға, облыс орталығындағы көшеге берілген, сондай-ақ жазушы-драматург Иран-Ғайыптың "Қорқыт" атты спектаклі қойылған.