Гүлшара Әбдіқалықова түркі тілдес мемлекеттердің жастар және спорт министрлерімен кездесті
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова түркі тілдес мемлекеттердің жастар және спорт министрлерімен кездесті, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі
Кездесуге Қазақстан Республикасының Қоғамдық даму министрі Д.Кәлетаев, Түркия Республикасының Жастар және спорт министрі М.Касапоглу, Түркі тілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесінің бас хатшысы Б.Әміреев, Әзербайжан Республикасының Жастар және спорт вице-министрі И.Исмаилов, Қырғыз Республикасының Жастар, дене шынықтыру және спорт істері агенттігінің директоры Қ.Аманқұлов қатысты.
Кездесу барысында Гүлшара Әбдіқалықова Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласындағы «Қазақстан – күллі түркі халықтарының қасиетті «Қара шаңырағы». Бүгінгі қазақтың сайын даласынан әлемнің әр түкпіріне тараған түркі тектес тайпалар мен халықтар басқа елдер мен өңірлердің тарихи үдерістеріне елеулі үлес қосты» деген сөздеріне тоқталды.
– Халықаралық аренада түркі халықтарының татулығы мен бірлігі идеясын нығайту ісінде Түркі тілдес мемлекеттер ынтымақтастығының кеңесі маңызды орын алады, – деді Мемлекеттік хатшы.
Бұл ұйымның қолдауымен жастар және спорт саласында іс-шаралар белсенді түрде өткізіліп келеді. Баку қаласында 2018 жылғы сәуірде тұңғыш рет түркі тілдес елдердің студенттік ойындары, қыркүйекте Шолпан-Ата қаласында Көшпенділердің ІІІ дүниежүзілік ойындары өткізілді. Көшпенділердің IV дүниежүзілік ойындарын 2020 жылы Түркияда өткізу жоспарлануда.
– Жастар жылы деп жарияланған алдағы жыл Қазақстан үшін мазмұнды болмақ. Бұл жастарға, олардың мұң-мұқтажына, Қазақстанның болашағына ерекше көңіл бөлудің көрінісі болып саналады, – деді Г.Әбдіқалықова.
Кездесу соңында Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова Түркі тілдес мемлекеттер ынтымақтастығының кеңесі аясындағы өзара іс-қимылды одан әрі нығайту ісінде қатысушыларға табыс тіледі.