Елбасы мақаласы тоғыз тілге аударылды
Астанада Тұңғыш Президент күніне орай өткен Nur Otan Talks пікірталас алаңында тарихшы, қоғам қайраткері, Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласына қатысты пікір білдірді деп хабарлайды BAQ.KZ.
«Біз бұл шараға Халықаралық Түркі академиясының атынан келіп отырмыз. Халықаралық Түркі академиясы – Елбасының бастамасымен Астанада құрылған түркі әлеміндегі зерттеулерді үйлестіретін халықаралық ұйым. Осы орайда Мемлекет басшысының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы 2-3 күннің ішінде тоғыз тілге аударылып, кітап болып шыққанын айтып өткім келеді. Ол кітап, өздеріңіз көріп отырғандай, менің қолымда тұр. Өзбек, қырғыз, әзербайжан, түрік, моңғол, мажар, тіпті корей, жапондар өздері бастамашы болып осы мақаланы аударып жатыр. Өзге мемлекетте тұратын азаматтың басқа мемлекеттің Президенті жазған мақаласын оқып, аударып, оны насихаттап, оған үн қосып, мақала жазып, қуануы – өте сирек кездесетін құбылыс. Елбасының бұл мақаласына Қазақстан ғана емес, жалпы түркі әлемі, ұлы даладан тамыр тартқан барлық мемлекеттер үлкен қызығушылық танытып отыр», - дейді ол.
Дархан Қыдырәлі Елбасының бастамалары өте көп екенін айтты.
«Тәуелсіздік алған жылдардан бастап Елбасы Орталық Азия ынтымақтастығы туралы айта бастады. Бауырлас мемлекеттердің президенттерін жинап, олармен кездесу өткізді. 1990 жылдардан бастап түркі тілдес мемлекеттердің басшыларымен саммиттер өткізе бастады. Қазірге дейін түркі тілдес мемлекеттердің барлық саммитіне қатысқан және соның барлығы бастамашы болған жалғыз Президент бар, ол – Нұрсұлтан Назарбаев», - дейді қоғам қайраткері.
Сондай-ақ, ғалым «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы арқылы Елбасының кең ауқымда ойлайтындығын, әлемдік масштабтағы саясаткер екенін көрсететінін айтып, мақалаға қысқаша тоқталып өтті.
«Жалпы, Ұлы дала деген ұғым – өте ауқымды ұғым. Қытайды «Аспан асты елі» десе, оған ешкім таңырқамайды. Ұлыбританияны ұлыбританиялықтар ғана емес, бүкіл әлем солай атап жүр. Елбасы Ұлытаудағы сұхбатында, Қазақ хандығының 500 жылдығында және «Мәдени мұра» бағдарламасында сөйлеген сөзінде «Біз – ұлы даланың мұрагеріміз. Біз – ұлы даланың тұрғындарымыз» деді. Ұлы дала деген ұғым – қазақ даласынан да, түркі әлемінен де кең ұғым, сондықтан мақалаға түркі жұрттары ғана емес, ұлы далаға тиесілі ұлттар мен ұлыстардың бәрі үлкен қызығушылық танытып отыр. Біздің тарихымыздың әлемдік өркениетте, адамзат тарихында үлкен із қалдырған тарих екендігін әрқайсысымыз білуіміз керек», - дейді ол.
Бұған дейін Елбасының негізгі үш стратегиялық бастамасымен «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев Елбасының негізгі үш қасиеті туралы айтқанын жазған болатынбыз.