Тарихты тірілтуге арналған
Елбасы Н.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы Дала өркениетінің өр рухын қайта тірілткендей әсер қалдырды. Президент мақаласы тарихымыздағы елеулі оқиғалар мен кейінгі жылдары табылған тарихи жәдігерлердің өз заманындағы ең озық, ең үздік технологиялық жаңалықтарға тікелелй қатысын айғақтайтынын айтып өткен.
«Ұлы даланың жеті қыры: атқа міну мәдениеті, ежелгі металлургия, аң стилі, Алтын адам, түркі әлемінің бесігі, Ұлы Жібек жолы, Қазақстан – алма мен қызғалдақтың Отаны» деп нақтылап көрсетуінде мән бар. Мәселен, Алтайдың қазақтардың және Еуразияның басқа да халықтарының тарихында алар орны ерекше екеніне тоқталды. «Осынау асқар таулар ғасырлар бойы Қазақстан жерінің тәжі ғана емес, күллі түркі әлемінің бесігі саналады. Дәл осы өңірде біздің дәуіріміздің І мыңжылдығының орта шенінде Түркі дүниесі пайда болды, Ұлы дала төсінде жаңа кезең басталды», – дейді Елбасы аталған мақаласында.
Елбасының айтуынша, орасан зор кеңістікті иегере білген түркілер ұланғайыр далада көшпелі және отырықшы өркениеттің өзіндік өрнегін қалыптастырып, өнер мен ғылымның және әлемдік сауданың орталығына айналған ортағасырлық қалалардың гүлденуіне жол ашқан.
Ұлттық рухты оятып, еліміздің жарқын болашағына деген сенімді нығайта түсетін мақаладан көпшілік жылы қабылдауда.
Уәлихан ИБРАЕВ,
Қызылорда облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ директоры.