Қызылордада қанша түлек облыс әкімінің грантын иеленді?
2013-2018 жылдар аралығында Сыр өңіріне қажетті мамандықтар бойынша халықтың әлжуаз, аз қамтылған отбасыларынан шыққан барлығы 878 студентке облыс әкімінің гранты берілген. Бұл туралы Kyzylorda-news.kz тілшісіне Қызылорда облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Алтынгүл Есқараева мәлімдеді.
Алтынгүл Есқараеваның мәліметінше, облыс әкімінің бастамасымен 2013 жылдан бері көпбалалы отбасылардан шыққан ауыл жастарына білім гранттары беріліп келеді. Осының негізінде аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына қажетті мамандар дайындалады.
«Облыс әкімінің гранты – жергілікті бюджет қаражаты есебінен әлеуметтік тұрғыдан халықтың осал топтарынан, атап айтсақ, жетім балалар, мүгедек балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, ата-анасының екеуі де зейнеткер болып табылатын, ата-анасының біреуі немесе екеуі де мүгедек, көп балалы, аз қамтылған, асыраушысынан айырылған отбасылардан шыққан студенттерге беріледі. Облыс әкімінің грантын тағайындау аудандар мен Қызылорда қаласы әкімдіктері жанынан құрылған Студенттерді іріктеу жөніндегі арнайы комиссияның шешімімен тағайындалады», – дейді Алтынгүл Итенқызы.
Басқарма басшысы орынбасарының айтуынша, 2013-2018 жылдар аралығында осы комиссиялардың шешімдерімен өңірге қажетті мамандықтар бойынша халықтың әлжуаз, аз қамтылған отбасыларынан барлығы 878 студентке облыс әкімінің гранты берілген. Нақтырақ айтсақ, 2013 жылы – 123 (бакалавр), 2014 жылы - 242 (234 бакалавр, 8 магистр), 2016 жылы – 147 (136 бакалавр, 11 резидент), 2017 жылы -166 (155 бакалавр, 11 резидент) білім гранты тағайындалған. 2016-2018 жылдары 342 студент жоғары оқу орындарын бітіріп, мамандықтарын алған.
Ал биылғы жылы білім гранттарының саны екі есеге артып, 200-ге жеткен.