БАҒАНЫ НЕГІЗСІЗ ӨСІРГЕНДЕР ЖАУАПКЕРШІЛІККЕ ТАРТЫЛАДЫ
Қазіргі таңда,елімізде жанар-жағармай, сұйытылған газ және көмір нарығында бағаның көтерілуі, тапшылығы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасының қымбаттауына әсер етуі мүмкін.
Осыған орай, Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаменті жергілікті мемлекеттік орган, кәсіпкерлік палатасының және нарық субъектілері өкілдерінің қатысуларымен «Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағаларын негізсіз өсірмеу және жасанды тапшылық жасамау» тақырыбында жиналыс өткізді.
Жиналыс барысында, статистикалық органның мәліметі бойынша облысымызда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының,негізінен көкөніс бағалары едәуір өсіп жатқандығы сөз болды. Атап айтар болсақ, былтырғы қараша айымен салыстырғанда картоптың орташа бағасы - 42 теңгеге (33,6%), басты пияз – 16 теңгеге (17,0%) және сәбіз – 31 теңгеге (24,4%) көтерілген.
Облысымызда ауылшаруашылығы басқармасының мәліметіне сәйкес жалпы егіс көлемі – 181 112 гектар, оның ішінде көкөніс өнімдерінің үлестері мынадай: картоп – 4360 гектар, басты пияз - 399,4 гектар, сәбіз – 734,8 гектарды құрап отыр. Бұл облыс тұрғындарын толық қамтамасыз етпейді.
Сондықтан да көкөніс өнімдері республикамыздың басқа өңірлерінен (Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл және Солтүстік облыстарынан) тасымалданады. Осы мақсатта, департамент өкілдері көтерме тасымалдаушыларды, өткізушілерді көкөніс бағаларын негізсіз көтермеуге, жасанды тапшылық жасамауға шақырып, оларға Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің төмендегі көрсетілген заң нормалары түсіндірілді.
Жалпы, бәсекелестікті қорғау, Қазақстан Республикасының тауар нарықтарындағы адал бәсекелестікті және тауар нарықтарының тиімді жұмыс істеуін қолдау және қолайлы жағдайлар жасау, экономикалық кеңістіктің біртұтастығын, тауарлардың еркін қозғалысын және Қазақстан Республикасындағы экономикалық қызметтің еркіндігін қамтамасыз ету, осы Кодекске сәйкес монополистік қызметті реттеу және шектеу, адал бәсекелестікке жәрдемдесу және Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын бұзушылықтардың алдын алу, мемлекеттік, жергілікті атқарушы органдардың, мемлекет нарық субъектілерінің қызметін реттеу функцияларын берген ұйымдардың бәсекелестікке қарсы әрекеттерінің және жосықсыз бәсекелестіктің жолын кесу бәсекелестікті мемлекеттік реттеудің мақсаттары болып табылады.
Кодексте шектелген монополистік қызметке:
1)нарық субъектілерінің бәсекелестікке қарсы келісімдері;
2)нарық субъектілерінің бәсекелестікке қарсы келісілген әрекеттері;
3)үстем немесе монополиялық жағдайды теріс пайдалану жатады.
Яғни, жағдайы тиісті тауар нарығын бақылауға, оның ішінде тиісті тауар нарығындағы тауар айналысының жалпы жағдайына елеулі ықпал етуге мүмкіндік беретін нарық субъектілерінің қызметі монополистік қызмет болып табылады.
Департаментпен өз қызметін атқару барысында, нарық субъектілері тарапынан осы аталған монополистік қызметтердің шектелгені анықталған жағдайда, тергеп-тексеру жұмысын жүргізіп, құқық бұзушылықтарға жол берген нарық субъектілері әкімшілік жауапкершілікке тартылатын болады.
Мысалы: ағымдағы жылы, департамент мамандары автогаз құю бекеттерінде сұйытылған мұнай газын жәнеАи-92/93 маркалы бензинді бөлшек саудада өткізуші нарық субъектілері тарапынан монополистік қызметтің шектелгенін, оның ішінде бағаның негізсіз өскендігін анықтап, яғни, нарық субъектілерінің бәсекелестікке қарсы келісілген әрекеттері тұрғысында тергеп-тексеру жұмысын жүргізіп, заң бұзушылыққа жол берген нарық субъектілері әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұлдар салынды.
Жалпы, Кодекстің 170-бабына сәйкес, тауарлар өндіруді, өткізуді жүзеге асыратын нарықсубъектілерінің бәсекелестікті шектеуге бағытталған, оның ішінде:
1)тауарларды сатып алу немесе өткізу бағаларын не басқа да жағдайларын белгілеуге және (немесе) ұстап тұруға;
2)тауарларды өндіруді не өткізуді негізсіз шектеуге;
3)белгілі бір сатушылармен (өнім берушілермен) не сатып алушылармен шарттар жасасудан негізсіз бас тартуға;
4)басқа субъектілермен мәні бірдей шарттарға кемсітушілік шарттар қолдануға қатысты келісілген әрекеттеріне тыйым салынады.
Монополияға қарсы органға Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасының бұзылуы туралы мәліметтердің келіп түсуі тергеп-тексеруді бастау үшін негіз болып табылады, олар:
1)Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасының бұзылуы көрсетіле отырып, мемлекеттік органдардан келіп түскен материалдар;
2)Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасының бұзылу белгілерін көрсететін жеке және (немесе) заңды тұлғаның өтініші;
3)монополияға қарсы органның өз қызметін жүзеге асыруы кезінде нарық субъектісінің, мемлекеттік органдардың, жергілікті атқарушы органдардың әрекеттерінен Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасының бұзылу белгілерін анықтауы;
4)монополияға қарсы органға келіп түскен, Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасының бұзылу белгілерінің бар екендігі туралы бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауы болып табылады.
Сонымен қатар, қазіргі таңда, кейбір нарық субъектілері бәсекелестіктеріне қарағанда құқыққа сыйымсыз артықшылықтарға қол жеткізу үшін жосықсыз бәсекелестікке жол береді.
Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік Кодексінің 177-бабына сәйкес құқыққа сыйымсыз артықшылықтарға қол жеткізуге немесе оларды беруге бағытталған бәсекелестіктегі кез келген әрекеттер жосықсыз бәсекелестік болып табылады. Жосықсыз бәсекелестікке тыйым салынады.
Ағымдағы жылы департамент Қызылорда қаласында орналасқан «Алтайбаева Г» ЖК, «Раманов и Ко» ЖШС және «Retail A-A»ЖШС-і әрекеттерінен ҚР КК-нің 177-бабы 2-тармағының 5,6-тармақшаларына сәйкес жосықсыз бәсекелестік түрі бойынша Қазақстан Республикасы бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын бұзушылық белгілері анықталды.
Осыған орай, ҚР КК-нің 199-бабына сәйкес департамент аталған 3 нарық субъектісінің әрекеттерінде Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасының бұзылу белгілерінің бар екені туралы хабарлама шығарылып, нарық субъектілерімен хабарлама орындалды.
Егерде заңды және жеке тұлғалардың әрекеттерінен жосықсыз бәсекелестік белгілері орын алған жағдайда департаментке хабарласуларыңызға болатындығын хабарлайды.
Осыған орай, Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнама нормалары қатаң сақталуы қажет.
Жоғарыда айтып өткендей бағаны негізсіз өсіру, тауар бағаларын белгілеу және ұстап тұру, тауарларды өткізуде негізсіз шектеу қою сияқты заң бұзушылықтар анықталған жағдайда құқық бұзушылықтарға жол берген нарық субъектілері әкімшілік жауапкершілікке тартылатын болады.
А. МӘДИЕВ,
Қазақстан Республикасы
Табиғи монополияларды реттеу,
бәсекелестікті және тұтынушылардың
құқықтарын қорғау комитеті
Қызылорда облысы бойынша департаментінің
бас маманы.
Қазақстан Республикасы
Табиғи монополияларды реттеу,
бәсекелестікті және тұтынушылардың
құқықтарын қорғау комитеті
Қызылорда облысы бойынша департаментінің
бас маманы.