Биыл 65 қызылордалық шетелге көшіп кеткен
Ағымдағы жылдың 1 қарашасына Қызылорда облысындағы халық саны 792,5 мың адамды құрады, деп хабарлайды Kyzylorda-news.kz.
Бұл көрсеткіш өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 11,4 мың адамға, яғни 1,4 % өсті. Биылғы көрсеткіш бойынша қалалықтар - 351,2 мың (44,3 %), ауылдықтар – 441,3 мың адамды (55,7 %) құрайды.
АХАТ органдары ұсынған мәліметтер негізінде биылғы жылдың қаңтар-қазан айларында туылған сәбилердің саны 16082-ді құрады, бұл өткен жылдың қаңтар-қазанына қарағанда 1,6 % көп.
Қарастырылып отырған кезеңде 3587 адам қайтыс болған. Бұл былтырғы жылдың қаңтар-қазанына қарағанда 3,1 %-ға аз. Өлім-жітімнің жалпы коэффициенті 1000 адамға 5,46 қайтыс болғандарды құрады. Биыл облыста 1 жасқа дейінгі 134 нәресте өлімі тіркелген болса, бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 4,9 %-ға төмендеген.
Алдын-ала алынған деректер бойынша биыл өңірден 30176 адам көшкен, 27087 адам осында қоныс аударған. 2017 жылдың қаңтар-қазанымен салыстырғанда облысқа келгендер саны 3,4% көбейген, ал облыстан кеткендер саны 0,4% азайған.
Алыс және жақын шетелдерден 22 адам (2017 жылғы қаңтар-қазанында - 18 адам), республиканың басқа облыстарынан 7388 адам келсе, өткен жылдың сәйкес кезеңінде 7676 адам келген болатын.
Облыстан 10445 адамның көшуі олардың өзге өңірлерге қоныс аударуымен байланысты. Өткен жылы аймақтан 11801 көшкен болатын.
Сонымен қатар биыл облыстан шетелдерге 65 адам көшті. Шетелдерге былтыр 44 адам көшкен болатын. Сыртқы және ішкі көші-қон нәтижесінде 2018 жылдың қаңтар-қазанында 3057 адамға, 2017 жылғы қаңтар-қазанында 4125 адамға кему қалыптасқан.
19665 қызылордалық облыста өз тұрғылықты орнын ауыстырды. Өткен жылы бұл көрсеткіш бойынша 18476 адам мекен жайларын ауыстырған болатын.