Инвестициялық жобалардың сыбайлас жемқорлықтан қорғалуы басты назарда
Инвестиция көмегімен салынған Қызылорда облысындағы жылына 1 млн. тонна тампонажды цемент өндіретін зауыт жұмысы ары қарай да сыбайлас жемқорлыққа қарсы сүйемелдене беретін болады, деп хабарлайды Kyzylorda-news.kz МҚІСЖҚА Қызылорда облысы бойынша департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бұл туралы ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Төрағасының орынбасары Айгүл Шайымова зауыт жұмысымен танысу барысында мәлімдеді.
«Қазақстан Республикасының Президенті Н. Назарбаев «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында елдің дамуы үшін инвестициялардың рөліне ерекше назар аударды. Агенттік тарапынан инвесторлардың құқықтары қорғалады және бизнеске қолайлы орта қалыптастыруға жағдайлар жасалады. Антикоррупциялық сүйемелдеуге алынған инвестициялық жобалар арасынан алғашқы болып тампонажды цемент зауыты пайдалануға беріліп отыр. Бұл инвест жоба бұдан әрі қарай да біздің тұрақты бақылауымызда болады», - деді.
Атап өту керек, «Гежуба Шиелі цемент» ЖШС цемент зауыты
11 желтоқсанда Мемлекет басшысының қатысуымен өткізілген "Индустрияландырудың екінші бесжылдығы. Қазақстанда жасалған" жалпыұлттық телекөпірі барысында пайдалануға берілген болатын.
Инвесторлар мен кәсіпкерлердің құқығын қорғауға бағытталған «Рrotecting business and investments» инвестициялық жобаларды сыбайлас жемқорлыққа қарсы сүйемелдеу жобасы аясында арнайы фронт-офис құрылып,облыс бойынша 592,7 млрд. теңгенің15 инвестициялық жобасы сүйемелдеуге алынған.
Зауыттың құрылысы барысында «Гежуба Шиелі цемент» ЖШС-нен фронт-офиске 2 өтініш түсіп, көші-қон қызметімен созбалаңға салынған зауыт құрылысына қажетті 54 шетелдік маманның визалық құжаттарынтез рәсімдеу мәселесі шешілген.
«Инвестицииялық жобалардың сыбайлас жемқорлықтан, түрлі әкімшілік кедергілерден қорғалуы фронт-офистің негізгі міндеті.Қазіргі уақытта облыстық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, фронт-офисте инвесторлармен қатар кәсіпкерлердің де өтініштерін қабылдап, оны қараудамыз. Бұл бізге кәсіпкерлердің проблемалық мәселелерін жедел түрде бірге қарап, оны шешуге, қызметіне кез келген араласудан қорғауға мүмкіндік беріп отыр. Фронт-офис арқылы 14бизнес субъектілерінің құқықтары қорғалды», - деді ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы Абзал Мұхимов.
Осы кезге дейін фронт-офиске инвесторлар мен кәсіпкерлер тарапынанлауазымды тұлғалардың заңсыз әрекеттеріне қатысты түскен 5 өтінішті қарау нәтижесінде 3 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке, ал 1 тұлға қылмыстық жауапкершілікке тартылған.