Халыққа қызмет көрсету орталықтарында «Тілектер шыршасы» орнатылды
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы облыс орталықтары мен Астана, Алматы, Шымкент қалаларындағы фронт-офистерінде «Тілектер шыршасын» орнатты, деп хабарлайды Kyzylorda-news.kz ақпараттық агенттігі «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
ХҚКО-ға келген азаматтар шыршаға ілінген бала тілегін орындап, шаттыққа бөлей алады.
Жаңа жыл қарсаңында Мемлекеттік корпорация бастамасымен аймақтардағы ХҚКО-да «Тілектер шыршасы» орнатылды. Онда тұрмысы төмен отбасынан шыққан балалардың арман-тілектері жазылған хаттар ілінген.
«Бұл бастаманы біз былтыр алғаш рет Алматы мен Астана қалаларында ғана өткізіп, 60 баланың тілегін жүзеге асырдық. Балаға қуаныш сыйлап, армандарын орындауға ниетті жомарт жандардың көп екенін білеміз, сондықтан бұл шараны биыл біз барлық облыстағы фронт-офистерде өткізуді жөн көрдік. Балалардың сұрататындары өте қарапайым дүниелер. Сыйлықты әперуші азамат бүлдіршінді шат-шадыман әсерге бөлеп қана қоймай, жан жылуымен бөлісіп, бала үмітін ақтайды, армандарына қанат бітіреді», - дейді мемлекеттік корпорацияның басқарма төрағасы Аблайхан Оспанов.
Шыршаға тілек жазушы балалар аймақтардағы әкімдіктер мен қайырымдылық қорларының ұсынысымен таңдап алынған, олардың арасында көп балалы отбасылар да бар. Әр шыршаға шамамен 20-30 бүлдіршіннің тілек хаты ілінген, ондағы балалардың «Аяз атадан» сұрап жатқан сыйлықтары да әртүрлі. Мысалы, қарағандылық 10 жасар Бексұлтан сырғанайтын конькиді қалайды, ал болашақта ақын болуды армандайтын талдықорғандық Диана Пушкиннің өлеңдер жинағын алғысы келеді.
ХҚКО-ға келуші кез келген азамат қалауынша хаттың біріндегі тілекті орындай алады. Қайырымдылық жасап, бүлдіршіндердің армандарын орындаған азаматтардың сыйлығы ХҚКО-да арнайы мерекелік шара барысында табыс етілетін болады.
Жаңа жыл мерекесі қарсаңында баланың ізгі тілегін орындап, әлеуметтік маңызы зор бастаманы қолдауға шақырамыз.
«Тілектер шыршасы» орнатылған ХҚКО мекен жайлары:
1.Астана қ., Байқоңырауданы, №5 ХҚКО бөлімі, Абай даңғ., 80
2.Алматы қ., Медеуаудандық ХҚКО, Марков к-сі, 44
3.Шымкент қ., №1 ХҚКО бөлімі, Мәдәліқожа к-сі, 1/16
4.Ақтөбе қ., №2 ХҚКО бөлімі, Сәнкібай батыр к-сі, 249
5.Ақтау қ., №1 ХҚКО бөлімі, 15 шағын аудан, 67б
6.Атырау қ., №1 ХҚКО бөлімі, Қ.Сәтбаев к-сі, 23
7.Көкшетау қ., №2 ХҚКО бөлімі, Абай к-сі, 96
8.Қарағанды қ. №3 ХҚКО бөлімі, Шахтерлар даңғ., 5/2
9.Қостанай қ., №1 ХҚКО бөлімі, Тәуелсіз к-сі, 46
10.Қызылорда қ., №1 ХҚКО бөлімі, Ғ.Мұратбаев к-сі, 2Е
11.Павлодар қ., №3 ХҚКО бөлімі, Павлов к-сі, 48
12.Петропавл қ., №1 ХҚКО бөлімі, Әуезов к-сі, 157
13.Орал қ., №2 ХҚКО бөлімі, Шаған жағажай к-сі, 84
14.Өскемен қ., №4 ХҚКО бөлімі, Қазақстан к-сі, 159/4
15.Талдықорған қ., Тәуелсіздік к-сі, 67б
16.Тараз қ.,№5 ХҚКО бөлімі, Рысбек батыр к-сі, 14
17.Түркістан қ., мамандандырылған ХҚКО, Қызылорда тас жолы, 35а