Аралда «Coworking» орталығы ашылды
Арал ауданында «Нұр Отан» партиясының кітапханалар қызметін жаңғырту жобасы бойынша "Сoworking" орталығы ашылды, деп хабарлайды Kyzylorda-news.kz ақпараттық агенттігі.
Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасының кеңінен қанат қағуына ықпал жасайтын, жастардың білімін шыңдайтын заманауи білім орталығының ашылуына аудан әкімі Мұхтар Оразбаев қатысты.
«Бұл орталық жастарға өзін-өзі жетілдіру үшін мүмкіндік береді. Келушілер бос уақыттарын тиімді өткізеді. Көптеген қызықты іс-шараларға, акциялар, шығармашылық кездесулер, шеберлік сыныптары мен зияткерлік ойындарға қатысып, интернет қызметін пайдаланады. Алдағы уақытта орталықтың тиісті деңгейде жұмыс істеп, кітапсүйер қауымның бас қосар нағыз орталығына айналуына тілектеспін» - деп аудан әкімі ізгі лебізін жеткізді.
Орталықтың ашылуына жетекші партия мүшелері, кітапхана оқырмандары, ардагерлер мен белсенді жастар қатысты. Жаңа орталықтың лентасы қиылғаннан кейін көпшілік ішке кіріп, арнайы орындармен танысты.
"Сoworking" орталығында 4 аймақ жұмыс жасайды. Wi-fi аймағында кітапхана пайдаланушылары ыңғайлы жағдайда тегін сымсыз интернетке қол жеткуізе алады.
Конференция алаңында түрлі дөңгелек үстелдер, ақпараттық үстелдер, кездесулер, семинарлар, шеберлік сыныптары өткізіледі.
Орталықтың релаксация аймағында қызықты кітаптар мен журналдарды оқып, ойын-ойнап немесе теледидар көруге болады.