Қызылордалық мемлекеттік қызметшілер жаңа жылда қайырымдылық шараларын ұйымдастырады
Биыл қызылордалық мемлекеттік қызметшілер жаңа жыл мерекесін мейрамханаларда атап өтудің орнына қайырылымдылық шараларын ұйымдастыруды жоспарлап отыр, деп хабарлайды Kyzylorda-news.kz ақпараттық агенттігі.
Бұл туралы ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департамент басшысының орынбасары Берікбол Байхожаев өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлім етті.
Жаңа жыл мерекесі қарсаныңда 25-29 желтоқсан аралығында заңсыз сыйлық алу-беру фактілерінің алдын алу мақсатында департамент ҮЕҰ өкілдері, қоғам белсенділерімен бірлесіп топ құрылып, рейд шараларын жүргізеді.
«Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет туралы» Заңына сәйкес мемлекеттік қызметшілер мен оларға теңестірілген қызметкерлерге қызмет бабында өздеріне сыйлықтарды немесе көрсетілетін қызметтерді қабылдауына тыйым салынады. Мемлекеттік қызметші 2 айлық есептік көрсеткішке дейінгі заңсыз сыйақы алған жағдайда ҚР ӘҚБтК-нің 677-бабына сәйкес айыппұл салуға, ал заңсыз сыйлықты берген азаматқа осы кодекстің 676-бабына сәйкес 200 АЕК айыппұл салуға негіз болады. Егер, сыйақы көлемі 2 АЕК артық болса, онда ол пара ретінде бағаланады және оны алған тұлға да берген тұлға да қылмыстық жауаптылыққа тартылады»,-деді Берікбол Байхожаев.
Брифинг барысында ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департамент басшысының орынбасары Б. Байхожаев елімізде тұңғыш рет «Адал ұрпақ» еріктілер клубтарының облыстық штабы құрылып, өз жұмысын бастағанын айтып өтті.
Штабтың мақсаты - жалпы адамгершілік және ұлттық құндылықтар негізінде өскелең ұрпақтың бойына сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру және оған қарсы тұруға дайын тұлғаларды тәрбиелейтін «Адал ұрпақ» клубтарының жұмыстарын осы штаб арқылы үйлестіру болып табылады.
«Осы кезеңге дейін облыстағы ерікті клубтардың жұмысын үйлестіретін, оларға методикалық көмек көрсететін арнайы орталықтың болмауы қиындықтар тудырып келген болатын. Қазіргі таңда облыстық штабта ұйымдастырылған жұмыстардың 500-ге жуық материалдық қоры осы штабта жинақталған. Аталған штаб дарынды балаларға арналған №4 облыстық мектеп-интернатында орналасты»,-деді Берікбол Байхожаев.