Оқушыларды өздігінен ойлауға қалай үйретеміз?
Қызылордадағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде облыс педагогтарына арналған «Орта мектепте метакогнитивті дағдыларды дамыту арқылы оқушыларды жетістікке жетелеу» тақырыбында семинар өтті, деп хабарлайды Kyzylorda-news.kz мектептің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Семинарға облыс орталығындағы жалпы білім беретін мектептерден 64 пән мұғалімі қатысты. Олар мета танымның оқу үдерісіндегі маңызы туралы білімдерін жетілдіріп, оқушыда жоғары деңгейде ойлау дағдысын қалыптастыру жолдарын талқылады.
Халықаралық зерттеулерге сүйенсек, баланы оқытуда ең бірінші таным процесін зерттеуге мән берген зор. Яғни бала өзінің ойлау әрекеті туралы өзі ойлана алу керек. Мәселен, «Бүгінгі сабақта мен нені және қалай үйрендім?», «Не қиын болды?», «Нені орындау қолымнан келмеді?», «Неге орындай алмадым?», «Маған қандай көмек керек?» деген сұрақтар аясында өздігінен ойланып, талдау жүргізе алуы қажет.
Семинар барысында педагогикалық шеберлік орталығының тренері қатысушыларға «Метатанымдық дағдыларды дамытудың практикалық тәсілдері» баяндамасы арқылы сындарлы оқыту теориясының аспектілері, таным және метатанымның ерекшеліктері мен өзара байланыс туралы жан-жақты таныстырды.
Сондай-ақ, облыс мұғалімдері Назарбаев Зияткерлік мектебінің тәжірибелі ұстаздары жүргізген практикумдарына қатысып, сабақ барысында метакогнитивті дағдыларды дамытудың тиімділігін байқады, әрі кәсіби құндылықтар картасын құру жолдарын талқылап, әдістемелік көмек алды.