Қызылордада таксишіге «тегін апар» деп тиіскендер жазаланды
Қызылорда қалалық №2 сотының төрағасы Айбек Әбу сотта қаралған қылмыстық іс бойынша брифинг өткізді, деп хабарлайды Kyzylorda-news.kz сот баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Брифинг барысында сот төрағасы үш айыпталушыға қатысты қылмыстық іс бойынша ақпарат берді. Дәлірек айтсақ, кафеден масаң күйде шыққан айыпталушылар такси тоқтатып, жүргізушіге өздерін тегін алып баруды талап етіп, дөрекілік танытқан. Осы сәтте, тәртіп бұзушыларды Жол полиция қызметінің №9 учаскелік полиция инспекторының көмекшісі байқап, олардың қастарына жақындап, әдепсіз әрекеттерін доғаруды талап еткен.
«Айыпталушылар әдепсіз әрекеттерді доғаруды талап еткен инспектор көмекшісінің заңды талабына бағынбай, оны анайы сөздермен балағаттап, денсаулығына қауіпті емес күш қолданған. Сот үкімімен бір сотталушыға 7 айға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Ал екеуі Қазақстан Республикасының ҚК-нің 380-бабының 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, 6 айға бас бостандығынан айыру жазасы берілді», – делінген баспасөз қызметінің таратқан ақпаратында.