Сирияда әлі 400-ге жуық қазақстандық бар
Ирак, Ауғанстан және Сириядағы сергелдеңнің бел ортасында әлі 400-ге жуық қазақстандық жүр, деп хабарлайды «Хабар 24».
Олардың басым көпшілігі - әйелдер. Бұл туралы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің өкілдері мәлімдеді. Соғыс оты өршіген аймаққа аттанған ел азаматтарымен бірге 500-дей бала дүние дидарын көргелі бері үрей құшағында өмір сүріп келеді.
Еске сала кетейік, Елбасының тікелей тапсырмасы бойынша 5-6 қаңтар күндері құқық қорғау органдары мен Сыртқы істер министрлігі жүргізген гуманитарлық операция сәтті аяқталған болатын. Нәтижесінде Сириядан 47 қазақстандық қайтарылды. Елге оралғандардың 41-і оңалту орталығына жеткізілсе, 6 ер адам мен 1 әйелге қатысты қылмыстық іс қозғалды.
«Әрине, осы операция бірнеше ай бойы жүргізілді. Өте көп қиыншылық болды. Әлбетте, жан-жақты мәселелер толыққанды тексерілді, талқыланды. Көп адамдар лаңкестік тұрғысынан «қайтарылған азаматтар жағынан қандай да бір қауіп бар ма?» деп сұрақ қояды. Тағы да айтайын, ол жағынан бәрі де тексерілді. Қазіргі таңда қайтарылған азаматтардың ішіндегі 6 ер кісі және 1 әйелдің үстінен қылмыстық істер қозғалды. Осылар және қайтарылған басқа азаматтар террористік әрекеттер тұрғысынан толығымен тексеріледі. Егер ондай жағдай дәлелденсе, әрине, қылмыстық жауапкершілікке тартылады», - дейді ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің департамент басшысы Бақытбек Рахымбердиев.
Қақтығыс аймағында жүрген қазақстандықтарды қайтару жұмысы алдағы уақытта да жалғасады. Сириядағы отандастарымыздың ата-аналары таяу уақытта перзенттерімен жүздеседі деген сенімде. Солардың бірі - Қарағанды облысы Сәтпаев қаласының тұрғыны Ботагөз Мақатова. Оның ұлы лаңкестердің арбауына еріп, 2012 жылы Сирияға аттанған.
Онда актөбелік бойжеткенмен отбасын құрып, 3 баланың әкесі атанады. Алайда, Ботагөз ұлының 2016 жылы мерт болғанын естиді. Содан бері келіні мен 3 немересін елге қайтаруды аңсап келеді.
«Қазіргі көп әйелдер мен балалар бәрі қоршауда. Соғыс боп жатыр ғой. Қазір енді топпен шықты. Бірақ баратын жерге жеткен жоқ. Өздері ниеттеніп отыр. Соғыс болып жатқасын бері қарай шығамыз деп ұмтылып келе жатыр», - дейді Қарағанды облысының тұрғыны Ботагөз Мақатова.