Қызылордалық оқушы жел генераторының бірегей түрін жасап шығарды
Қызылордалық 12-сынып оқушысы Әлихан Шәкіман 3D-модельдеу арқылы жел генераторының бірегей түрін жасады, деп хабарлайды «Хабар 24».
Оның айтуынша, конус тәрізді бұл құрылғы жел энергиясын тиімді пайдалануға және атмосфераға бөлінетін зиянды заттарды азайтуға мүмкіндік береді. Бұл тақырып Арал өңірі үшін аса өзекті. Өйткені бұл аймақтың климаты жиі соғатын желімен ерекшеленеді.
Жас ғалымның айтуынша, диаметрі бір жарым, ал биіктігі 3 метр болатын жел генераторының артықшылығы, құрылыста қымбат емес темірпластик материалынан жасалады және шуды оқшаулау қасиетіне ие. Ал одан өндірілетін қуат бір шағын ауданды электр энергиясымен қамтамасыз етуге жетеді.
Әлихан Шәкіман, оқушы:
– Бұл жоба аясында екі жыл іздендік. Біз бірнеше нұсқаның ішінен осы конус тәріздес моделді таңдадық. Себебі мұндай пішіндегі генератор арқылы жел ағынының күшін еселей аламыз. Демек ауа ағының бағыты мен көрсеткіші қандай болса да, оны өңдеп, электр энергиясына айналдыра аламыз. Сарапшылар да бұл бірегей жобаның әлемде теңдесі жоқ екенін айтып, баға берген болатын.